«Өлместің күнін көріп отырмыз»: Есет батыр ауданының тұрғындары

Ақтөбеде Есет батыр атындағы шағын аудан тұрғындары қыс басталғалы бойымыз бір жылынбады деп шағымданды. «Қазір үйдегі батарея қанжылым. Дірдектеп, өлместің күнін көріп отырмыз. Баспананы алғалы он жылда мұндай жағдай болмаған. Тоқтаусыз беріліп келген жылу неге үзілді?», — дейді тұрғындар.
Үш баланың анасы Ажар Байманова – осы шағын аудандағы 5-ші үйдің тұрғыны. Қыс басталған екі айда баспанасы мүлдем жылымаған. Балаларына суық тиіп, жиі ауыра берген соң, үй ішіне шатыр тігіп қойыпты.

АЖАР БАЙМАНОВА, ТҰРҒЫН:
— Үйдің ішіне палатка тігуімнің мақсаты – ауа жылынады. Бала демалған кезде, салқын ауаны жұтқан кезде тоқтамастан жөтеледі. Ал палаткада ық екен. Сол себепті палатка тігіп қойып, баланы соның ішіне жатқызып отырмын.

Ай сайын жылу үшін ақша төлеп отырмыз. Бірақ жылу жоқ. Төлемді кешіктірсек, сотқа береді. Ал бұл мәселені шешуге асықпайды деп шулайды жиылғандар. Жығылғанға жұдырық – енді шағын ауданда ыстық су беру де тоқтатылған.

Жауапты мекеме өкілдері бұл мәселеден хабарлы. Оның себебін анықтау үшін пәтерлерді аралап көрген. Осы аудандағы 78 үйге қызмет көрсетуші компания өкілі: «Менің міндетім бізге дейін келген жылуды уақытылы пәтерлерге жеткізу», — дейді.

Шағын ауданда 60 мыңдай тұрғыны бар 116 көп қабатты үй және әлеуметтік нысандар бар. «Қазандықтар қалыпты жағдайда, талапқа сай 87 градуста жұмыс істеп тұр. Сондықтан мәселе тұрғындардың өзіне болуы мүмкін», — дейді жылу беруші компания өкілдері.

ЖАНБОЛАТ САРМАНОВ, ЖЫЛУ БЕРУШІ КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
— Барлығына ұсыныс, нұсқама актілері берілді. Кейбір үйлердің балкондарының есіктерін дұрыстап бекітпеген. Терезелерінен жел соғады. Бірінші этажда тұратындарға едендерін бекіту жайлы нұсқама актілері жазылды.

Бұл үйлерде негізінен әлеуметтік осал топқа жататындар, көп балалы отбасылар, мүгедектер және бюджеттік мекеме қызметкерлері тұрады. Олар мәселені тиісті орындарға бірнеше рет жеткізгенін айтады. Арнайы комиссия да құрылған. Тұрғындар: «Комиссия келерде жылу жақсарып, олар кеткенде қайта таз қалпына түседі», — дейді. Сонымен, шағын аудандағы жылу мәселесі әзірге шешімін таппай тұр. Таяу күндері нақты себебі анықталып, жылу берілмесе, тұрғындар осылайша үй ішінен үй тігіп отырмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал