Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулау дерегі азаймай тұр. Қонаев қалалық табиғат қорғау полициясы өткен жылдан бері балық аулау заңнамасын өрескел бұзғандарға 146 хаттама толтырды. Жолдама алмағандарға 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен Қапшағай су қоймасында әуесқой балықшыларды тексеруге арналған рейдтік іс-шара өтті. Өйткені қазір мұнда ойықтан балық аулаушы қарасы қалың. Жасанды көлге демалыс күндері екі мыңдай әуесқой балықшы келеді. Көбі балық аулау ережесі мен мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамайды.
Жасанды көлге қыстың күні әуесқой балықшылар Алматы қаласы мен көршілес Қырғызстаннан да көптеп келеді. Сондықтан құтқарушылар күніне үш рет рейд ұйымдастырып, оларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Қапшағай су қоймасы 24 балық аулау теліміне бөлінген. Әуесқой балықшылар соның үшеуіне тегін кіре алады. Қалғанына екі мың теңгеден жолдама сатылады. Әр адамға 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат беріледі. Балықшылықты жанына серік еткен тұрғындар Қапшағайдан қыс мезгілінде негізінен торта аулайды. Қысқы балық аулау маусымы басталғалы Қапшағай су қоймасында мұз жарылып, үш әуесқой балықшы суға түсіп кетті. Оларды өзге балықшылар мен төтенше жағдай қызметкерлері байқап қалып, құтқарып алды. «Сондықтан мұз үстіне шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек», – дейді мамандар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.