Жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынуы мүмкін. Депутаттар Мәжіліс отырысында осындай бастама көтерді. Заң жобасында сондай-ақ декреттік демалысқа шыққан әкелердің бала күтіміне арнаған уақыты еңбек өтіліне есептелсін деген норма да бар. Еңбек құқықтарын қорғауға қатысты заң жобасын төменгі палата екінші оқылымда мақұлдады.
Депутаттар Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге түзетулер қабылдады. Онда әкелердің бала тәрбиесіне қосқан үлесін ескеру ұсынылған. Бұл да еңбек деп танылатындықтан, кішкентай баламен үйде отырып, уақытша жұмыс істемеген әкелердің «декреттік демалысы» енді зейнетақы өтіліне есептеледі.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Ата-ана баланы күту бойынша декреттік демалысқа шықса, әкенің де, ананың да жынысына байланыссыз құқығы бірдей орындалуы тиіс. Бұның алдында норма тек аналарға қатысты болса, жалғызбасты әкелер де болады. Олар да балалармен отырған жағдайлар бар. Неге біз ол азаматтардың баламен отырғандағы тиісті мерзімін назарға алмаймыз?

Үйреншікті «жалғызбасты ана» термині «жалғызбасты ата-ана» деген атаумен ауыстырылады. Ал жұмыс берушілерге жынысына қарамастан жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Осы жерде сұрақ туады. Егер жалғызбасты ата-ана, мысалы, біліксіз болса немесе қызметін асыра пайдаланса, оны жұмыста ұстап отыру қаншалықты заңды?

Тағы бір түзетуге сәйкес, еңбек қатынасының кемінде бір белгісі бар жағдайда қызметкермен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға жол берілмейді. Сонымен қатар депутаттар жергілікті және шетелдік жұмысшылардың жалақысындағы айырмашылық туралы да айтты.

ЕРЛАН САИРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бір кәсіпорындағы ең төменгі және ең жоғары жалақының арақатынасы маңызды. Мәселен, бір жерде екі инженер: қазақстандық пен шетелдік жұмыс істесе, олардың жалақысы белгілі бір әлеуметтік шекте болуы тиіс. Сол сияқты, барлық кәсіпорындағы токарь, столярдың жалақысы шамалас деңгейде болуы керек.

Еңбек қауіпсіздігі маманы тікелей ұйым басшысына бағынады. Бұл басшының жауапкершілігін арттырады деп есептейді депутаттар. Ал өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау енді Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде болады. Қазір ол мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысы. Аталған түзетулерді төменгі палата қабылдап, құжатты Сенатқа жолдады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал