Жеке меншік мектептер тексеріле бастады. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жекеменшік мектептердің қызметіне мемлекеттік аудит жүргізіп жатыр. Соңғы жылдары мемлекет елдегі оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін жекеменшік білім беру саласының дамуына қомақты қаржылай қолдау көрсетті. Алайда, бюджет қаржысы баланың біліміне емес, құрылтайшылардың жеке мүддесіне жұмсалып келген. Мәселен, 2023-24 жылдары 116 адам ел аумағынан 895 жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұлардың барлығы жеке мектептердің жетекшілері мен құрылтайшылары. Сондай-ақ 66-сы 192 қымбат көлік алған. Бір ғана құрылтайшы 76 жылжымайтын мүліктің иесі атанса, тағы бірі 69 нысанды сатып алған. Бұл деректер Үкімет жариялаған аудиторлық тексерістің алдын ала нәтижесінде белгілі болды. Биыл да жеке мектептерді қаржыландыруға бюджеттен 248 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2020-шы жылмен салыстырғанда 20 есе көп. Қаржыландыру ұлғайған сайын, заңбұзушылық да еселенген.
ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ:
«Министрлік ұсынған тетіктердің бірі – мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлердің нақты ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып орналастыру. Бұл тәсіл бойынша оқушы орындарының тапшылығын жапқан мектептер ғана мемлекеттік қаржыландыруды толық көлемде алады. Аталған механизмді енгізу 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта өңірлердегі мектеп орындарына деген қажеттілікті анықтау үшін әкімдіктер жан-жақты талдау жүргізуде».
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.