Атыраудағы 37 лифт әзер жұмыс істеп тұр

Атыраудағы 37 лифт қалт-құлт етіп әзер жұмыс істеп тұр. Артық жүк артса, үзіліп кетуі де мүмкін. Ал бұл жедел сатыларды жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд-қа жуық теңге сұратылған. Бірақ ұсыныс қолдау таппады. Енді тұрғындар жоғары қабатқа жаяу көтеріле ме?
Мына көпқабатты қос тұрғын үйдің салынғанына 20 жыл өтті. Сол кезде жаңа емес, пайдаланылған жеделсаты орнатылған. «Қазір ол әбден тозып кетті. Жүргенінен тұрғаны көп», — дейді тұрғындар. Лифт болғанымен баспалдақпен көтеріледі. Әсіресе зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар әуре-сарсаңға түседі.

РАЙФОЛЛА БИЖАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Дірілдейді. Вибрация болады. Жиі тұрып қалады. Лифтке қысылып, тұншығып, жарақат алған жағдайлар болды. Ал кішкентай балалардың өздері түсе алмайды. Қауіпті. Қасында міндетті түрде ересек адам болуы қажет.

РОЗА НҰРҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір рет лифтіміз өртенді. Бала мен үлкен кісілер қалып қоятын жайттар көп. Лифттің мамандары бірталай уақытқа дейін келіп болмайды.

«Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, үйлерді жаңғырту, жеделсатыларды жөндеу, негізі, тұрғындардың мойнында», — дейді жауапты мамандар.

ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры болсын, жертөлелері, олардың кіреберісі, подъезді, соның ішінде жеделсатылардың барлығы тұрғындардың ортақ мүліктері болып есептелінеді. Жалпы, ол жердегі авариялық немесе басқа да жөндеу жұмыстарын тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес олардың тұрғындар өздері жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек.

Қалада қазір 37 жеделсатыға күрделі жөндеу қажет. Сәйкесінше, оған қыруар қаржы керек. Ал «тұрғын үйлерді терможаңғырту бағдарламасы» арқылы жеделсатыны жөндеп, не орнына жаңасын салуға тұрғындардың мүмкіндігі бар. Бағдарламада лифтінің құнын 7-10 жылға дейін бөліп төлеу тетігі қарастырылған. Десе де, былтыр бұл бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд-қа жуық теңге сұратылған. Бірақ ол қолдау таппады. «Дегенмен биыл 21 жеделсатыны жөндеуге мүмкіндік бар», — дейді жауапты мамандар.

ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Атырау қаласы аумағында 197 көпқабатты тұрғын үйде 500-ден астам жеделсатыларымыз бар. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан осы тозығы жеткен жеделсатыларға биылғы жылы 9 мекенжай бойынша 20-дан астам жеделсатыға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау ұйымдастырылып отыр.

Қалада 2024 жылы 9 жеделсаты күрделі жөндеуден өткен. Тұрғын үйлерді терможаңғырту мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығынды бөліп төлеуге тұрғындар қарсы емес. «Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды», — дейді жауаптылар. Қазір мамандар ортақ мүлікті күтіп ұстау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал