Оралда бұқтырылған киік еті сатыла бастады

Батыс Қазақстан облысында былтыр жазда киік басын реттеу шаралары басталды. Сөйтіп, жыл соңына дейін 100 мыңнан астам ақбөкен ауланды. Енді өңірде бұқтырылған киік еті сатыла бастады. Таңсық тағамға сұраныс бар. Бірақ бұл ет қандай жолмен қалбырланып жатыр? Қасиетті жануарды аулау және сою талабын кім қадағалайды?
Өткен жылғы ресми санақ бойынша Жайық жеріндегі Ақбөкен саны 2 млн 300 мың болыпты. Сәуір айында құралайлары ілескенде бұл сан артады. Киік көбейіп кетті, жайылымды жайпап, егістікті таптап жатыр деп дабыл қағылды. Ақыры, олардың санын реттеуге шешім шықты. Қазынадан қаражат бөлінді. Аңшылар тобы құрылды. Сөйтіп, еркін жүрген дала еркесі сұр мергеннің нысанасына ілікті. Барлығы 108 мың бастан астам киік ауланды. Бұл шара биыл жалғаса ма?

НҰРЛАН РАҚЫМЖАНОВ, ОШЖД АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Ғалымдардың биологиялық негіздемесіне байланысты. Қанша саны бар нақтылайды, көктемде оның жылдағы есебі болады және одан кейін сол қанша басты реттеуге жатады. Оның бәрін ғалымдар бергеннен кейін барып, тиісті шешімдер қабыылданады. Сол кезде нақты айтылады.

Ауланған киік етін 15 кәсіпорын жинаған. Солардың біреуі ғана терең өңдеуді қолға алды. Қаңтар айынан бастап, қалбырланған киік еті дүкендерге түсе бастады. Қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, оның қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Ал былтыр желтоқсанда киік аулау маусымы жабылды.

ЗӘУРЕ БЕКЕШЕВА, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Шикізат бар, бірақ оның қаншаға жететінін мен нақты айта алмаймын. Бұл, машина өндіру емес, темір жетсе болғаны, сонша жасап шығаратын. Біздер ауланған киіктерді Охотзоопромнан сатып аламыз. Олардың көлемі, салмағы да әр түрлі. Оларды жіліктейміз, іріктейміз.

Тағы бір мәселе – өндірілген өнімнің сапасында. Өйткені киік аулау екі әдіспен жүзеге асырылады. Коралл тәсілі бойынша торға қамайды, бірақ бұл әдіс қымбат. Екіншісі – қуып жүріп, атып алу. Ол арзан. Ал өңдеуге түскен еттің қай әдіспен ауланғаны беймәлім. Оны кәсіпорынның бас технологы да білмейді.

«Киік ғасырлар бойы осы жерді мекендеп келеді. Ең басты проблемасы – бәрі айтып жүргендей саны емес, жеткілікті жағдай жасалмауы. Жайылымы мен ішетін суын дұрыстап ұйымдастырып, реттеп бере алмай, фермерлермен жерге таластырып қойды», — дейді табиғат жанашырлары.

НҰРЛЫБЕК РАХМАН, ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЫ:
— Соның кесірінен киікке қоғамның көзқарасын өзгертіп, зиянкес етіп көрсете бастады. Жерді сауатсыз пайдаланып, тақырға айналдырғандарын киікке жабатын адамдар пайда болды. Киік зиянкес емес. Ол ғасырлар бойы өзінің ареалында жүр. Өз территориясында жүр. Біз адамдар оған қысым көрсетіп жатырмыз. Қалай болғанда да киікті жойып алмай, оған ет деп қарамай, экожүйенің адам сияқты тең мүшесі деп қарауымыз керек.

Ресми түрде киік аулау маусымы өткен желтоқсан айында аяқталғанын айттық. Бірақ әлеуметтік желіде Ақбөкеннің еті қызу саудаланып жатыр. Шымкент, Алматы қалаларынла да саудаға салынған. Бағасы да жазылған, мөрі басылған. Жарнаманың уақыты – қаңтар айының соңы, ақпанның басы. Демек, киікті браконьерлік жолмен аулау әлі де тоқтаған жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал