«Тастамашы, ана!» – ешкімді бейжай қалдырмайтын фильм

Жүрекке жетіп, ешкімді бейжай қалдырмайтын туынды. Елімізде «Тастамашы, ана!» атты көркем фильмі көрерменге жол тартты. Картина башқұрт жазушысы Айғыз Баймұхаметовтың шығармасы желісі негізінде түсірілген. Онда жетім балалардың тағдыры суреттеліп, отбасы құндылығы, ата-ананың жауапкершілігі туралы ой қозғалады. Фильмнің алдын ала көрсетілімінде біздің арнаның түсіру тобы да болды.
Фильмнің басты кейіпкері — 11 жастағы Ілияс. Ата-анасынан ерте айырылған ол әпкелерімен бірге балалар үйіне түсіп, тәрбиеленеді. Мұнда ерте есейіп, қатал өмірдің қиындықтарымен күреседі. Осылайша, қамқорлық пен жылулық жетіспейтін ортада оның мінезі қалыптасады. Оқиға ауыр әрі эмоциялық тұрғыда күрделі. Мұны картинаның режиссері де мойындап отыр. Айтуынша, кейіпкердің тағдырын сомадаған жандармен жұмыс істеу оңай болмаған.

РАБИҒА ӘБІЛПАТТА, РЕЖИССЁР:
— Түсірілім кезінде барынша көңілді жүруге тырыстық. Себебі басты рөлде ойнайтын актерларымыздың барлығы – кішкентай балалар. Сондықтан баланс ұстауға тырыстық. Қысты күні түсіргеннен кейін, түсірілім қиын болды. Балалардың ауыр сахналары бар. Қардың үстімен жалаң аяқ жүретін, аунап жататын дегендей. Біз бұл фильмде бірнеше мәселені көтереміз. Ол – отбасылық құндылықтар және бауырмалдылық.
Авторлардың айтуынша, картинаның басты мақсаты – аяушылық тудыру емес, керісінше көрерменге терең ой салу. Яғни фильмде ата-ананы қадірлеу, балаларға уақыт бөлу сынды өзекті мәселелер қамтылған.

Айта кетейік, фильмнің мазмұны башқұрт жазушысы Айғыз Баймұхаметовтың кітабынан алынған. Бұл шығарма осыған дейін 20 тілге аударылып, бірнеше елде сахналанған.

АЙҒЫЗ БАЙМҰХАМЕТОВ, КІТАП АВТОРЫ:
— Шығарма балалар үйіне түскен жандардың өмірі туралы. Ілияс арқылы отбасы құндылығын, ата-ананың бағасын суреттеуге тырыстым. Ал туындының бүгінде киноға айналып жатқанына қуаныштымын.

Алдын ала көрсетілімде көрерменнің эмоциясы ерекше болды. Көпшілік көз жасына ерік берді. «Тастамашы, ана!» – ауыр тағдырлар арқылы үміт пен сенімді жеткізетін фильм. Картинаның премьерасы ертең, яғни 5 ақпанда еліміздің барлық кинотеатрында өтеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал