Қолайсыз ауа райына байланысты тас жолдарда жылдамдық шектелді

Жаңа жыл басталысымен қаһарына мінген қыраулы қыс ызғары тек ақпан туа босаңсығандай. Тіпті еліміздің солтүстігінде жаңбыр жауып, жолдар көк мұзға айналған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдарда қауіпсіздік шаралары бірден қолға алынған. Астана-Көкшетау, Петропавл-РФ шекарасы автожолы, басқа да бірнеше республикалық, облысаралық маңызы бар автожолдарда барлық көлік түрлері үшін жылдамдық режимі сағатына 140 шақырымнан 80-ге дейін шегерілді.
Ақпан – жылдың ең қысқа әрі қыстың соңғы айы. Кезінде ата-бабамыз осы айда келетін амалды «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран болып, аяз күшейген. Әйтсе де жылдағы ауа райының өзгерісін бүгінгі қарлы жаңбырдан көруге болады. Әсіресе елдің солтүстігінде жаңбыр нөсерлеп жауған. Соның салдарынан айнала көк мұзға айналған.
АЗАМАТ ҚҰСАЙЫНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қатты аяздардан кейін, әрине, қазіргі ауа райына қуанасың. Дегенмен қауіп те жоқ емес. Қазір Көкшетау көшелерінде автокөлік көбейді. Қарлы жаңбыр таңертеңнен жауып тұр. Көктайғақ. Жолдар уақытылы тазартылады, қауіпсіздік үшін реагент қоспасын шашып тастайды. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, байқап жүру керек.
Қазір патрульдік полиция экипаждары күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылып, жолдың қауіпті учаскелерін тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылған. Жүргізушілерге кенеттен маневр жасаудан, басып озудан бас тартуға, қысқы шиналарды пайдалануға және жол белгілері мен полиция қызметкерлерінің нұсқауларын қатаң сақтауға кеңес беруде.
ДАНИЯР АМАНЖОЛОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 5 ақпан күні ауа райының күрт өзгеруіне байланысты республикалық маңызы бар тас жолдарында жылдамдық қозғалысына шектеу енгізілді. Қазіргі уақытта жол көлік оқиғаларын болдырмауға барлық күш салынды.
Синоптиктер Қазақстан аумағының басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болғандықтан жауын-шашынды болады. Алдағы күндері көп ылғал түсіп, көктайғақ пен тұман, тіпті қатты жел тұрып боранға ұласуы да мүмкін екенін айтады.
Мамандарының айтуынша, биыл температура 1-4 градусқа жоғары болады. Сондықтан қуаңшылық болуы мүмкін. Дегенмен синоптиктердің көктем жылы жаңбырлы болады дегені көңілге қонымдылау.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал