Қазақстан Президенті ұзақ үзілістен кейін Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды. Тараптар түрлі тақырып бойынша өзара уағдаластық орнатып, маңызды құжаттарға қол қойды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Қазақ басшысы Пәкістанға соңғы рет 23 жыл бұрын барды. Сондықтан биылғы сапардың орны ерекше. Себебі тараптар әріптестіктің көкжиегін кеңейтуге, екі ел байланысына тың серпін беруге келісті. Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар мен мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын үкіметаралық құжаттар қабылданды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым екіжақты ынтымақтастықтың айтулы тарихи кезеңіне айналды. Біз серіктестігімізді стратегиялық деңгейге көтеруге арналған Бірлескен декларацияға қол қойдық. Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді.
Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші мемлекет. Пәкістан – Оңтүстік Азиядағы алпауыт ел. Осы ретте тараптар өңірлер байланысын арттыруға ниетті. Алдағы жылдары екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейді. Былтырдың өзінде мемлекеттер арасындағы алыс-беріс екі есеге жуық өскен.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан құрлық арқылы сауда-саттықта елеулі рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолдарымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы біз арқылы өтеді. Қазіргі уақытта Транскаспий халықаралық көлік бағдарын немесе Орта дәлізді дамыту елімізді трансконтиненталдық сауданың ірі орталығына айналдыратын негізгі фактор ретінде қарастырамыз.
Алыс-берістің артуына қазір логистикалық қиындықтар тежеу болып отыр. Президент сапарындағы негізгі мәселенің бірі көлік және транзит бағытында әріптестік орнату болды. Қазір екі ел арасында тікелей теміржол қатынасы жоқ. Енді «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» теміржолын салу жоспарланып отыр. Оның тасымал мүмкіндігі жылына 35-40 миллион тоннаға бағаланады. Бастысы, Қазақстан үшін Үнді мұхитына төте жол ашылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі көлемі 2,5 еседен аса көбейді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруға ниеттіміз. Жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі позициямызды нығайтып келеміз. Сол себепті серіктестік байланыстарды кеңейтіп, өңірлік әрі жаһандық деңгейде жаңа жеткізу тізбегін құру үшін жүйелі қадамдар жасаймыз.
Мемлкеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен де келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы екі ел мазмұнды саяси диалог өрбітіп келе жатқанына тоқталды. Өз кезегінде Асиф Али Зардари екіжақты ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевты Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.