Өскеменде бұралқы ит адамға шаба бастады

Өскеменде бұралқы ит қаптады. Шеткі аудандарда қаңғып жүрген қарғы баулы адамға шаба бастаған. Тұрғындар күндіз балаларын жалғыз-жарым көшеге жіберуге қорқады. Ал қас қарайғанда тіпті үйден шықпайды. Тиісті мекемелер шұғыл шара қабылдап, мәселені шешпесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін.
Мына бейнежазбадан қала тұрғынының бір топ иттен қорғанып жатқанын айқын аңғаруға болады. Мұндай жағдай өңірде жиілеп кеткен. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысында 750-ге жуық адамды ит қапты.
ЮЛИЯ ЗИНОВЬЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір топ ит шабуыл жасады. Үйірде шамамен 10 шақтысы болды. Арасынан күшіктерді де байқадым.

Пәтер иелері коперативі төрағасы Лариса Лисовская да мәселені айтып талай мекемеге барған. Себебі қаңғыбас ит аулаға еніп, ойын алаңдарында да қаптап кеткен.

ЛАРИСА ЛИСОВСКАЯ, ПИК ТӨРАҒАСЫ:
— Өткен жылы біздің аулада 8 баланы ит қапты. Оқиғаларды тіркеп, дәйектермен бірге әкімдікке жолдап, мәселені шешіп беруді сұрадық.

Тұрғындар бұралқы итті аулап, тиісті орындарға орналастыруды сұрайды. Ал облыстық ветеринария басқармасы өкілдері, бұл бағытта жеткілікті жұмыс жасалды деп отыр. Былтыр екі мыңнан астам шағым қаралып, 600 ит биостерильденген. Өйткені атуға болмайды.

ЕРЛІК ОРДАБАЕВ, ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Құтырмамен ауырған кезде не туа біткен ауруы болса ғана атуға болады. Әр адамда жауапкершілік болу керек. Иттерді байлауда ұстауы қажет. Осыны учаскелік полиция қызметкерлері бар, ЦТУ-дің қызметкерлері бар, аралап жүріп ескертсе, тоқтайтын еді.

Жануарларды қорғау саласының мамандары мәселені бірлесіп қана шешуге болатынын айтады. Қалада бүгінде иесіз итті қамайтын 9 арнайы орын бар.

СӘУЛЕ РҮСТЕМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Арнайы қоғамдық қор құру жоспарымызда бар. Сондықтан депутаттар мен зооқорғаушылар бірігіп, ортақ шешімге келуіміз қажет.

Бұл бастаманы Людмила Зеленина да қолдайды. Ол осыдан 30 жыл бұрын итті ұстап, бағатын жеке орын ашқан. Қарғы баулыларға ай сайын екі миллиондай теңге жұмсайтынын айтады.

ЛЮДМИЛА ЗЕЛЕНИНА, ЗООҚОРҒАУШЫ:
— Адамдар күшіктерді қоршаудың жанына әкеліп, тастап кетеді. Саны күн сайын артуда. Оларды зарарсыздандыру керек. Тамағы бар. Оның барлығы тап-таза шығын ғой.

Былтыр өңірде қаңғыбас иттерді аулауға 30 млн-нан астам теңге бөлінген. Қаражат толық игерілген. Бірақ онымен мәселе шешімін тапқан жоқ. Бұралқы ит аулаға сарып, әр баланың балағына жармасып жүр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал