Мүгедектігі бар азамат ІТ саласында табысты еңбек етіп жүр

Президент биыл цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел дамуының басым бағыты ретінде айқындады. Бұл салаға бет бұрып, ақпараттық технологияларды терең меңгерген мамандардың қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Дәурен Тәшімов. Өмірінде болған ауыр жағдай оның тағдырын түбегейлі өзгертті. Павлодарлық азамат қиындыққа мойыған жоқ, керісінше жаңа өмірге батыл қадам жасап, кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Дәурен Тәшімов әуелде ІТ маманы боламын деп ойламаған. Алайда тағдыр оның өмір жолын мүлде басқа арнаға бұрды. 17 жасында жол апатына ұшырап, арбаға таңылды.

ДӘУРЕН ТӘШІМОВ, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:
— Апаттан кейін өзіме үйреншікті ортадан оқшауланып қалдым. Көп нәрсені қайта ой елегінен өткізуге тура келді. «Өлім аузынан аман қалған екенмін, енді өмір сүруім керек» деген байламға келдім. Сол кезде IT саласы маған жақын екенін түсіндім. Бұл бағытта әр уақытта дамуға болады. Түрлі бағдарламаны өз бетімше меңгере бастадым.

Дәурен басына түскен сынақтан сынбады, керісінше жігерін жанып, өзінің жолын тапты. Ол жоғары білім алып, магистратураны тәмамдады. 2021 жылдан бері ақпараттық технологиялар колледжінде оқытушы болып еңбек етеді. Қызметімен қатар, IT саласындағы жаңа бағыттарды үздіксіз меңгеріп жүр.

ДӘУРЕН ТӘШІМОВ, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:
— Оқытушылар арасында өтетін түрлі байқауға қатысамын. WorldSkills сайысына екі мәрте қатысып, екеуінде де жүлделі болдым. 2023 жылы үшінші орынды, ал 2025 жылы веб-әзірлеу бағыты бойынша екінші орынды иелендім. Әр дәріс сабағына тыңғылықты дайындаламын.

Бірақ оқытушы бір мәселеге қатты қанжылады. Оның сөзінше, инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған шараларға қарамастан, кейбір жұмыс берушілер мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға әлі де күмәнмен қарайды.

ДӘУРЕН ТӘШІМОВ, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:
— Маған басшылықтың түсіністік танытқаны қатты көмектесті. Арбаға таңылсам да, маған сенді. Өйткені кейбіреулер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алғылары келмейді. Алайда жауапкершілікті сезінген адам міндетті түрде алға қарай ұмтылады. Сондықтан ұнайтын іспен айналысуға тырысу керек. Мен осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.

Қазіргі таңда Дәурен Тәшімов оқу ордасында кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері бойынша басшылықтың кеңесшісі қызметін қоса атқарады. Оның айтуынша, адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ. Бастысы, табандылық пен адалдық керек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал