Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іске Ресей тергеу комитеті араласты

Іске Ресей тергеу комитеті араласты. Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы көмек сұрап жүгінгеннен кейін және ресейлік телеарна эфиріне шыққан соң, тергеушілер марқұмның қазір Мәскеуде тұрып жатқан күйеуі Александр Донцов пен оның шешесі Наталья Донцованы тауып, түсініктеме алған. Кейін екеуін де босатып жіберген. Александр Германия прокуратурасының өзіне қатысты істі тоқтату туралы шешімін көрсетіп, құтылған. «Ал Наталья өзіне қарсы куәлік бермеу құқығын пайдаланды», — дейді адвокат. Дегенмен экс-судьяның туыстары Ресей құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, Германиядан іс материалдарын сұратып, өздері тергейді деген үмітте. Себебі Ресей мен Германия арасында күдікті азаматтарды беру туралы келісім жоқ. Адвокат Германия прокуратурасына Дармштадт қаласының прокуратурасы Александр Донцовты жауапкершіліктен заңсыз босатқаны туралы шағым жолдағанын айтты. Донцовтың өзі барлық айыптауды жоққа шығарып, журналистерге өзінің отбасы «Айгүлдің өліміне қатысы жоқ» деп мәлімдеген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал