Психологтар мен коучтар қызметін реттейтін жаңа заң қабылданды

Елімізде психологтар мен коучтар қызметін реттеуге бағытталған жаңа заң қабылданды. Енді бұл салада кез келген адам өз бетінше қызмет көрсете алмайды. Арнайы тізім жасалып, оған тек тиісті білімі мен тәжірибесі бар мамандар ғана енеді. Басты мақсат – азаматтарды жалған коучтар мен кәсіби біліктілігі жоқ «мамандардың» зиянды қызметінен қорғау.
Енді кез келген адам психолог немесе коуч бола алмайды. Бұл салаға қатысты жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, психологтар мен коучтардың арнайы тізімі жасалады. Мақсат – нарықты жүйелеу және кәсіби біліктілігі жоқ адамдардың қызметіне шектеу қою.

ДИНАРА НАУМОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Нарықты да, бұл саланы да жалған коучтардан тазалау керек. Соның арқасында нақты түсінікті ережелер қалыптасады. Негізі кәсіби коучтар маркетингктік айла-тәсілдер арқылы өзін керемет жетістікке жеткенмін деп ұрандамайды. Мұнда көбіне ауызша, сарафандық радио арқылы жұмыс істейді. Оның кәсібилігіне, тәжірибесіне қарап сенім арта аласың.

Заң аясында тек тиісті білімі мен тәжірибесі бар мамандар ғана ресми түрде қызмет көрсете алады. Бұл бастама соңғы жылдары көбейген жалған коучтар мен психологтардың әрекетіне тосқауыл қоюға бағытталған. Себебі кәсіби сүзгінің болмауы кейбір адамдарға психологиялық та, материалдық та зиян келтіріп жатыр. Соның бірі – коучтың онлайн сабағына қатысқан алматылық тұрғын.

Зардап шегуші психикалық орталықта ем қабылдауға мәжбүр болғанын, таныстарына қомақты қарыз екенін айтады. Сондықтан мұндай жағдайға өзге адамдардың тап болғанын қаламайды. Ал коучинг мектебінің негізін қалаушы Ғалия Хамитованың айтуынша, жаңа заң саланы тәртіпке салады. Әйтпесетәлеуметтік желіде әлденені сандырақтап, әркімге ақыл үйрететін дүмшелер көбейіп кетті.

ҒАЛИЯ ХАМИТОВА, КОУЧИНГ МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Әрине, бұл бағыт дамыған сайын біз кәсіби білімі жоқ, тек атау немесе бренд ретінде пайдаланатын адамдарды көрдік. Кез келген адам өзін «коуч» деп атай алатын. Енді жаңа ережелер кәсіби коуч деген кім, нақты немен айналысады дегенді түсінуге мүмкіндік береді деп үміттенемін.
Заң талаптары кезең-кезеңімен енгізіледі. Ал алдағы уақытта арнайы тізімге енбеген коучтар мен психологтардың қызметі заңмен шектелуі мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал