Мыңдаған бала тегін үйірмеге «қағаз жүзінде» ғана қатысқан

Тегін үйірмеден кілтипан шықты. Балаларға қызмет көрсету платформасында біраз былықтың беті ашылды. Мысалы, түрлі үйірме мен спорт секцияларына барған мыңдаған бала іс жүзінде жоқ болып шықты. Оларды тізімге өтірік қосып қойған. Мұны eGov арқылы, кездейсоқ байқап қалған ата-аналар мәселе көтеріп, тиісті органдарға хабар берді.
Әлеуметтік желілерде осыған ұқсас бірнеше оқиға жарияланған. Бірі баласының волейболға баратынын «білген», енді бірі робототехника үйірмесіне жазулы тұрғанын көрген. Ал кейбір балалар жарты жылдан бері Оқушылар сарайында тіркеліп тұрған болып шықты. Бірақ ол жерге бір де бір рет бармағанын естігенде ата-аналары таң тамаша болған.

Әрине, балалары «жалған тізімде»тұрғанына ата-аналар уайымдап қалған. Баланың әр қадамынан хабардар болып отыратын олар түрлі секцияға жазылғанын қалайша білмей қалғанын айтып, тиісті ведомстволарға хабарласқан. Осы жағдайдан кейін біз білім саласы мамандарынан мән-жайды сұрадық.

АЯЖАН АМАНТАЙҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ББ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бұл мәселенің негізгі себебі мектептердің әкімшіліктері ұлттық білім беру деректері базасын жаңартпаған. Соның әсерінен кейбір балалар «бұрын бармаған үйірмелерге барды» деген секілді осындай сәйкессіз ақпарат орын алып жатыр. Қазіргі таңда бұл ақпарат жойылды. Себебі барлық мектептерге бірдей тапсырма берілді. Ата-аналарға да түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Бұл жағдай тек Астана қаласында ғана болмаған. Басқа да өңірлердің ата-аналары да осы мәселе бойынша әлеуметтік желіде шағым білдірген. Қалай болған күнде де білім басқармасының өкілдері қате түзетілгенін мәлімдледі. Енді әр мектептің әкімшілігі осындайда сақ болуы керек сияқты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал