Павлодарда11-сынып оқушысы 9 тілде еркін сөйлейтін

Павлодарда 9 тілде еркін сөйлейтін бойжеткен тұрады. 11-сынып оқушысы қазір шет тілін үйренуге ниетті азаматтарға дәріс береді. Жастайынан түрлі тіл үйренуге деген қарым-қабілеті оны қазірдің өзінде үлкен табысқа кенелткен. Айханым Оқасова өз еңбегінің нәтижесінде Астанадан баспана сатып алыпты.
Тіл үйренуге деген қызығушылық Айханым Оқасоваға анасынан дарыған. Әуелі қазақ тілін жетілдіріп, кейін ағылшын тіліне ден қойды. Ал уақыт өте келе француз әндеріне әуестеніп, осы тілге ерекше сүйіспеншілік танытты.

АЙХАНЫМ ОҚАСОВА – ПОЛИГЛОТ:
— Француз тілінен кейін Павлодар қаласындағы Жастар ресурстық орталығында кәріс тілі бойынша тегін курстар ашылды. Кейін курс аяқталса да, бірақ бұл тілге деген қызығушылығым басылған жоқ. Иероглифтермен алғаш рет бетпе-бет келген тәжірибем еді. Корей тілін жақсы деңгейде меңгергеннен кейін араб тілін үйрене бастадым, ал араб тілінен соң қытай тіліне көштім. Қазіргі таңда түрік және неміс тілдерінде еркін сөйлей аламын.

Айханым шет тілдерін меңгеруді 6-сыныптан бастаған. Көптеген тілді ол өз бетінше оқулықтар мен бейнесабақтар және тікелей қарым-қатынас арқылы үйренген.

АЙХАНЫМ ОҚАСОВА, ПОЛИГЛОТ:
— Әртүрлі материалдар алатынмын. Мәселен, орыс тіліндегі мақалаларды қазақ тіліне аударатынмын. Араб тілінен корей тіліне, корей тілінен араб тіліне, қытай тілінен ағылшын тіліне, ағылшын тілінен қытай тіліне аударып жаттығатынмын. Сонымен қатар тіл тасымалдаушыларымен де көп тәжірибе жасадым. Оларды өзім интернет арқылы тауып, байланыс орнаттым. Шетелде тұратын достарым мен таныстарым көп, солармен сөйлесіп, жаттықтым.

Нәтиже бар. Бүгінде Айханым 9 тілді жетік меңгеріп, білімін одан әрі жетілдіріп жүр. Ол үшін тіл – түрлі мемлекеттің мәдениетін танып, адамдармен байланыс орнатудың негізгі құралы.

АЙХАНЫМ ОҚАСОВА – ПОЛИГЛОТ:
— Кез келген адамның тіл меңгеруге қабілеті бар, бірақ ол үшін үзбей оқып жүру керек деп ойлаймын. Адамның нақты мақсаты болса, ол кедергілерге де, қиындықтарға да қарамайды. Менің өзімде де бәрі бірден бола қойған жоқ. Егер бастауыш сыныптарда «сен бірнеше тілде сөйлейтін боласың» десе, ешқашан сенбес едім. Әрине, қиын болып бәрін тастағым келген кездер де болды. Бірақ жылдар өте келе бірнеше тілді меңгердім.

Қазір Айханым мектепте оқиды, әрі шет тілдерінен онлайн сабақ береді. Жас полиглот болашақта беделді шетел университетіне оқуға түсіп, жер жаһанды аралауды армандайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал