«Актив Ломбард» желісінің иесіне тиесілі мүлікке тыйым салынды

«Актив Ломбард» желісінің иесіне тиесілі мүлікке тыйым салынды. Қаржылық мониторинг Агенттігі заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша Койнов пен өзге де адамға қатысты тергеуді аяқтады. Еске салсақ, өткен жылдың қыркүйек айында комиссиялық дүкен ретінде жасырынған ірі ломбард желісі арқылы заңсыз микрокредит берудің схемасы анықталған. Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық кірістердің шығу көзін жасыру мақсатында «Актив-Ломбард» желісінің иесі Койнов оларды заңдастырудың көп деңгейлі схемасын әзірлеп, іске асырған. Ол үшін байланысы бар компаниялармен жасалған жалған шарттар, сондай-ақ банктік шоттар арасында ақшаны бірнеше рет аудару арқылы кейіннен дивиденд түрінде шығару пайдаланылған. Осы тәсілмен 5 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған. Қазір Койнов қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
– Сот санкциясымен конфискациялау мақсатында жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, жарғылық капиталдағы үлестерге және зергерлік бұйымдарға тыйым салынды. Тыйым салынған мүлік қатарында: елордадағы 4 пәтер және 2 тұрғын үй, БАӘ-дегі 4 апартамент, 6 автокөлік, оның ішінде Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport автокөлігі бар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал