Семейлік 90 жастағы қария ролик теуіп, конькимен сырғанайды

Семейде жасы тоқсанға таяған қария қыстың қақаған аязында мұз үстінде еркін сырғанап, жаз айларында ролик тебеді. Белсенді өмір салтын ұстанған ақсақал спортты ұзақ ғұмырдың кепілі деп санайды әрі жастарға үлгі болуды мақсат етеді.
Семейде жаңа кейіпкер әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. 89 жастағы Ақмағамбет Рахымұлы қыс-жаз демей спортпен айналысады. Қарияның айтуынша, ол конькиді бала күнінен тепкенімен, тұрақты түрде зейнетке шыққаннан кейін ғана айналыса бастаған. Ол мұз үстінде жастардан қалыспай сырғанап қана қоймай, жазда ролик те тебеді. Ақсақал үшін спорт – денсаулықтың, сергектіктің және ұзақ өмірдің кепілі.

АҚМАҒАМБЕТ РАХЫМҰЛЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Отыз-қырық жылдай қалып қойды. 60-70 жасымнан тебе бастадым. Бұл жердің ашылғанына төрт жыл болады. Ашылғалы теуіп жүрмін. Бірінші рет келгенде администратор қолымнан ұстап алып келді. «Сізге көмек керек пе?», — дейді. Мен: «Жоқ, көмек керек емес», — деп теуіп кеттім. Қазір мені барлығы біледі, «ата-аталап» жүреді. Тегін тебемін. Қай уақытта келсем де есік ашық.

Ақмағамбет ата спортқа бала күнінен әуес. 12 жасында қолда бар құралдармен өзі коньки жасап көрген. Ал өмірінің негізгі бөлігі еңбекпен өтті. Соғыстан кейінгі жылдары ерте есейіп, қолөнерге ден қойды. 40 жылдан астам уақыт ағаш жонып, түрлі сәндік бұйым жасап, қаладағы қоғамдық орындарды безендіруге атсалысқан. Спорт қарияның жалғыз қызығушылығы емес. Ақмағамбет Рахымұлы бірнеше музыкалық аспапта ойнайды, қолы қалт еткенде өлең жазып, кітап оқиды.

АҚМАҒАМБЕТ РАХЫМҰЛЫ -ЗЕЙНЕТКЕР
— 12 жасымнан ағаш жұмыстарына кірістім. Мектепте оқып жүргенде орындық, үстел сынып қалса, жөндеп қоятынмын. Мұғалімдер мені сол үшін де жақсы көретін. Сурет салуға да қабілетті болдым. Пушкин, Лермонтов , Гогольдердің кітаптағы суретін қарындашпен қайталап салатынмын. Ойын-тойда ептеп гармон мен баян ойнап, гитара шертіп, былай айтқанда, қызық өмір сүрдім.

Ақмағамбет атаның өмір жолы – табандылық пен еңбекке адалдықтың үлгісі. Тоқсанға таяған шағында коньки теуіп, роликпен сырғанаған қария «қарттық кедергі емес» екенін дәлелдеп жүр. Оның белсенді өмір салты – бүгінгі жас ұрпаққа мотивация, ал өмірлік тәжірибесі – өнеге.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал