Тимур Турлов Бибісара Асаубаеваға 25 млн теңге сыйақы табыстады

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваға 25 миллион теңге сыйақы табыстады. Қазақстандық шахматшы биыл әлемдегі ең беделді жарыстың бірі Norway Chess Women 2026 турниріне қатысады. Бибісара әйелдер арасындағы Norway Chess тарихындағы ең жас қатысушы атанып отыр. Қазір спортшы маңызды додаға қызу дайындалып жатыр. Күніне 8 сағатқа дейін жаттығады. Бұл туралы ол журналистермен өткен баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.
Айта кетейік, 2025 жылы Бибісара Асаубаева блицтен үшінші мәрте әлем чемпионы атанып, гроссмейстер атағын иеленді. Әлемдік жарыстарды Қазақстанның даңқын асырып жүрген жас шахматшы туралы деректі фильм түсіру жоспары да бар.
БИБІСАРА АСАУБАЕВА, ШАХМАТТАН ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:
— Жақындарым мен бапкерлерім ғана менің жеңілістен кейін қаншалықты уайымдайтынымды біледі. Мысалы, былтыр АҚШ-та әйелдер арасындағы ең мықты турнирлердің біріне қатыстым. Жеңілген сәтте рейтингің төмендейтінін түсінесің. Ал шахматта ең маңыздысы – сенің рейтингің. Кейде 4-5 сағат бойы ойнап, бар күшіңді саласың. Мұндай сәтте ең бастысы қарсыласына берілмеу деп ойлаймын.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал