Инфляцияны шарықтатуға болмайды. Оны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Президент жиында Қазақстанның болашағына тікелей әсер ететін Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша тоқталды. KazLLM тілдік машинасын іске қосу және Aitu мессенджерін қолданысқа енгізу жұмыстарын қатаң сынға алды.
«Біз толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты. Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр», — деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар. Қажет инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.
Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет екендігін айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Еліміздің IT-нарығы қарқынды дамып жатыр. «Соңғы 5 жылда IT-қызметтер экспорты 15 есе артқан, ал IT-нарықтың кірісі жылына 2 трлн теңгеге жетті», — деген министрге Мемлекет басшысы сұрақ қойды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— KazLLM бағдарламасы бойынша, Сіз бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасадыңыз. Оны іске қосылды деп айттыңыз, бірақ менің білуімше, бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Себебі ақаулары көп. Жұрт Chat GPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM айналасында не болып жатыр деген сұрағым бар. Не айтасыз?
ЖАСҰЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазіргі таңда бізде екі үлкен тілдік модельдер бар, олар: KazLLM және AlemLLM. Олар 40-тан астам жүйеге енгізілді. Осы модельдер нарыққа, ІТ-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ осы модельдердің сапасын әрдайым ұлғайту қажет. Сондықтан халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге жұмысты жалғастырамыз.
«Бұл салада олқылық барын мойындайсыз ба? Қанша қазақстандық пайдаланып отыр?», — деп нақтылаған Президентке министр сенімсіздеу жауап қатты. Президент жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру қажеттігігін, осылайша игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма берілгенін айтты. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылған. Бірақ әкімдіктер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының бірі – алдағы көктемде су тасқынының алдын алу. Ол үшін қолда қажет техника да, технология да жеткілікті. «Көктем де келіп қалды. Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек», — деді Мемлекет басшысы.
Ол үшін Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға қажет шаралар алдын ала қабылдануы қажет. Және де табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдалану керектігін де айтты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.