Тегін дәрі-дәрмек алуда қиындық жоқ. «СК Фармация»: «Қаңтардағы дәрі проблемасын шештік», — деп отыр. Биыл амбулаторлық және стационарлық емдегі науқастарды дәрімен қамтуға 504 млрд теңге бөлінген. Ендеше, мәселе неден туды?
84 жастағы Мария Лохматова 20 жылдан бері қант диабетінің дәрісін тегін алады. Препарат диспансерлік есепте тұрған науқастарға беріледі. Қарияның дәрісі біткен, бүгін жаңасын алу үшін емханаға келді.
МАРИЯ ЛОХМАТОВА, АСТАНА ТҰРҒЫНЫ:
— Мен алып жүрген дәріні алмастыратын препарат бар, бірақ ол маған көмектеспейді. Сондықтан бүгін ішіп жүрген дәрімді сұрап, емханаға барып едім, терапевт ертең кел деп жіберді. Әдетте дәрімен мәселе жоқ, уақытында алып жүрмін.
«СК-Фармация» компаниясы қаңтар айында кейбір өңірде дәрімен проблема болғанын растады. Әсіресе Астана, Алматы қаласы мен Қостанай, Ұлытау облысында жұрт тегін дәріні ала алмай қиналған. Бұған дәрімен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақау себеп, дейді компания өкілдері.
РАХАТ МЫҢБАЙ, «СК ФАРМАЦИЯ» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Ақпан айына жоспарланған жеткізілімдер туралы айтсақ, алғашқы он күнде 70 пайызға жуық жоспарланған дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар хабтарға және қоймаларымызға уақытылы жеткізілді. Қалған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар жыл бойы кестеге сәйкес жүзеге асырылады.
Маманның айтуынша, белгілі бір емханада дәрі болмай қалған жағдайда, дәрігер пациентке сол өңірдегі басқа медициналық ұйымнан алу мүмкіндігін ұсынуы тиіс. Ал облыста қажет дәрі мүлдем болмаса, оны өзге аймақтардан қор есебінен жеткізу қарастырылады. «Қыстағы ауа райы мен жол қиындығын ескеріп, шалғай өңірлерге бірден үш-төрт айдың дәрісін жеткізу мүмкін емес», — дейді мамандар. Талап бойынша дәрі-дәрмек әр екі ай сайын жеткізіледі. Себебі көп аймақта препаратты сақтайтын арнайы қойма жоқ.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Бұл мәселені шешу үшін «СК-Фармация» алдағы жылдары Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Қарағанды қаласында қойма салуды жоспарлап отыр. Алғашқысы 2027 жылы Ақтөбеде ашылуы керек. Бұл қадам логистика мен қойма жалдауға кететін 1,7 млрд теңгені үнемдейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.