Шымкентте екі сталкер қамауға алынды

Шымкентте полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты сталкингтің екі дерегін анықтап, жолын кесті.
Алғашқы жағдайда қала тұрғыны бұрын бірге болған ер адамға қатысты арызданған. Қарым-қатынас тоқтағанымен, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған. Түрлі нөмірден қоңырау шалып, хабарлама жазған. Үйі мен жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден бас тартқанымен, қудалау тоқтамаған. Күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды.
Екінші жағдайда қудалау физикалық күш қолдануға ұласқан. Жәбірленуші полицияға жүгініп, күдікті ұсталды. Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын-соңды таныс болған. Әйелдердің қарым-қатынастан бас тартқанына қарамастан ер адамдар оларды андып, байланыс орнатуға тырысқан. Күдіктілер жедел түрде ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық істер сотқа жолданды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал