Оралда Хадиша Бөкеева атындағы драма театры 3 жыл жөндеуге жабық тұр

Оралда Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры үшінші жыл жөндеуге жабық тұр. Құны – 2 миллиард 160 миллион теңге. Осы аралықта екі мердігер ауысты. Соңғысы қазір жұмысты жалғастырып жатыр. Айта кетейік, өнер ордасы егемендік алғаннан кейін өз алдына бөлек салынған ең алғашқы ғимарат. Театр өз көрерменіне есігін қашан қайта ашады?
Театр – өнерсүйер көпшіліктің сүйікті орны. Көзі қарақты көрермен осы жерде талай қойылымдардың куәсі болды. Алайда үш жыл болды, театрдың есігі құлыптаулы. Көптің көкейінде бір сұрақ. Күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Оралдықтар мен қала қонақтары осы күнді асыға тосып жүр.

Осы жерде 150 адам еңбек етеді. Ғимарат күрделі жөндеуге жабылғалы театр ұжымы қалада орналасқан өзге мәдениет үйінде, концерт залында өз өнерлерін көрсетіп келеді. Түрлі фестивалге қатысып, гастрольдік сапарларға да шығып жүр. «Бірақ «өз үйім – кең сарайдай боз үйімізге» жетер емес», — дейді театр директоры.

НҰРЖАН ТАСБОЛАТОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:
— Ұжым болып, ел болып күтіп жүрміз. Бұл – Батыс Қазақстандағы жалғыз ғана қазақ драма театры, үлкен қара шаңырақ. Бүкіл ел күтіп жатыр. Құдай қаласа, осы наурыз айында театрға кіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Қазір театрдағы күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Осы уақытқа негізгі жобаның 65 пайызы аяқталыпты. 70-ке тарта адам демалыссыз жұмыс жасауда. Келісім бойынша сәуір айының соңында толық аяқталуға тиіс. Ендігісі – сахна, фойе және дизайндік жұмыстарды жүзеге асыру. Оны жасайтын шеберлер де табылыпты. Қазір Алматы қаласынан әкелінетін материалды тосып отыр.

Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанда театр толық жаңғырып, жаңарып, заман талабына сай жасақталмақ. Қаңыраған ғимарат, шаң басқан орындықтар қайта ашылар күнді, сахна саңлақтарының өнеріне ықыласпен қол соғатын көрерменін тосып тұрғандай.

АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры – еліміз егемендік алған кезде ең алғашқы болып салынған ғимараттардың бірі. 2002 жылдан бері бұл жерде ешқандай жөндеу болмаған. Қазір күрделі жұмыстар жалғасып жатыр. Мердігер компания белгіленген уақытта табыстаймыз деп сендірді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал