Елімізде екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп жүрген адамдар алаяқтардың қитұрқы схемаларына жиі тап болуда. «Тиімді» ұсыныстар жасап, жеке деректер талап ететін, тіпті біреуге ақша жіберуге өтініш жасайтындар көбейді. Алданып, алаяқтық құрбаны болғандар не үшін әңгімелесуге дейін барып, жұмыс табатынына сенімді болғанын өздері де білмей қалады екен.
Алғаш қарағанда – кәдімгі әңгімелесуге шақыру. Бәрі стандартты, жаңа жұмысқа кірісетіндей көрінеді. Бірақ мұның артында мұқият ойластырылған жымысқы әрекет жасырынуы мүмкін. Алаяқтар барған сайын айлакер болып, жалған бос жұмыс орындары арқылы алдауды үйренген. Олар үміткерді сендіру үшін тіпті онлайн форматта өтетін соңғы әңгімелесуге дейін «жеткізуі» мүмкін. Бірақ мұндай «жұмысқа орналасу» соңында ірі қаржылық шығынға әкеледі. Жезқазған тұрғыны да бәзбіреулер сияқты вакансияның шынайы екеніне сеніп, осындай «кездесулерден» өткен.
Мұндай алаяқтық схема полицияға да жақсы таныс. Қазір құқық қорғау органдары ірі компанияға жұмысқа тұрғызамыз деп уәде беріп, ақша алған жалған делдалдарға қатысты бірнеше қылмыстық істі тергеп жатыр.
АЛМАЗ САЛАМАТОВ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі уақытта «Қазақмыс» корпарациясына жұмысқа кіргіземін деп елді алдағандарға қатысты тоғыз қылмыстық іс тергеп жатырмыз.Оның алтауы қазірдің өзінде сотқа жолданды. Алаяқтар адамдарды сендіріп, 16 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырған. Азаматтарға айтарымыз, ешқандай таныс та, делдал да Сізді жұмысқа ақшамен кіргізе алмайды. Бұл – таза алаяқтық.
Сарапшылардың айтуынша, жұмыс іздеуші жұмыс берушінің заңды екеніне әбден көз жеткізуге тиіс. Тек тексерілген әрі сенімді дереккөздерді пайдаланған жөн.
МҰХАМЕД БАҒДАТҰЛЫ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ PR МЕНЕДЖЕРІ:
— Жеке деректерін бермей тұрып, ресми сайтына, байланыс нөмірлеріне назар аудару қажет. Көптеген компанияда өздері туралы ресми ақпарат орналастырылады. Соған көз жеткізіп барып, деректерді ұсыну керек. Кез келген компаниядағы вакансия міндетті түрде тексерістен өтеді, біз ресми ақпарат сұратамыз. Сол себепті біз тек ресми заңды ұйымдармен ғана жұмыс істейміз.
Алаяқтық құрбаны болған жандардың бүгінгі күні жұмыс іздеу кезінде сақ болудың қаншалықты маңыздылығын тағы бір еске салады. Олар схемаларын өзгерткенмен, мақсаты бір адамды алдап-арбау арқылы қалтасын қағу екенін білгендеріңіз жөн.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.