Қайтарылған активтер есебінен Тайынша қаласындағы аурухана жаңғыртыла бастады

Солтүстік Қазақстан облысындағы аурухананың жартысы әбден тозған. Дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары пайдалануға берілгендіктен, олардың барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Мәселе өткір. Сондықтан елге қайтарылған активтер есебінен Тайынша қаласында медициналық мекемелердің бірі жаңғыртыла бастады.
Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасының ғимараты 1970 жылдары салынған. Содан бері қырлап-сырлаудың арқасында тұрған нысан әбден ескірген. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін арнаулы қордан 1,3 миллиард теңге бағытталды.

Бүгінде бірінші қабаттағы инженерлік желілер толығымен ауыстырылып, жылыту жүйесі, есік-терезелерімен едені жаңалануда. Мамандар шаруаларды шілде айына дейін аяқтауы тиіс. Сондықтан екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен.

ЖАНАТ БИСҰЛТАНОВ, ҚҰРЫЛЫС БРИГАДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Қазір 24 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың көбін босаттық. Себебі бірінші қабаттың арғы жағында науқастар ем қабылдап жатыр. Сондықтан бұл бізге аздап қиындық тудыруда.
90 мың адамға қызмет көрсететін аурухана жөндеуден кейін халықаралық триаж жүйесі бойынша жабдықталады. Тіпті клиникалық-диагностикалық зертханада ашылмақ. Сондай-ақ мұнда Ұлттық қордан қаржы бөлініп, соңғы үлгідегі қондырғылар сатып алынды.

АҢСАТ НҰРЫМБЕКОВ, АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Коронарография, церебральды ангиография сынды күрделі операцияларды енді өзіміз жасай беретін боламыз. Ол үшін қажет құрылғылармен қамтамасыз етілдік. Бұрын науқастар бұл қызметті алу үшін облысқа сабылатын. Сондай-ақ келер жылы тағы бір корпусты жаңалау ойымызда бар.

Солтүстікте 19 аурухана жұмыс істеп тұр. Ал оның жартысы тозған. Оларды жөндеу үшін шамамен 11 миллиард қажет.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Әсіресе елді мекендердегі медициналық мекемелердің жағдайын жақсартуға басымдық беріп отырмыз. Қазіргі кезде сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Егерде олар бекітілетін болса, жоқ дегенде 50 пайызын жаңарту жоспарда бар. Бұл жерде айта кету керек, күрделі жөндеу дегенде аурухананы толықтай жөндеуге мүмкіндік болмайды. Себебі бүкіл бөлімді жауып тастай алмаймыз. Біртіндеп, бір-бір бөлімнен.

Елімізде әлеуметтік және коммуналдық нысандарды дамыту үшін арнаулы қордан 482 миллиард теңге бағытталды. Айта кету керек, жобалардың жартысына жуығы медицина саласында жүзеге асып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал