Құсты бақылау мәдениеті: Қостанайда бердвотчерлер клубы құрылды

Сіздер бозторғайлардың қалай сайрайтынын естідіңіздер ме? Ал оларға Қостанай студенттері қалай үн қосады? Олар мұны не үшін жасайды және бердвотчер деген кімдер?
Құсты бақылау Ұлыбританияда XIX ғасырда ақсүйектер арасында пайда болған элиталық ермек еді. Бүгінде әлемде таралған іске айналды. Оларды бердвотчер дейді. Құсты бақылау – қызығушылық қана емес, ғылыми зерттеу үшін де маңызды дағды.

ДАНИИЛ ХРИСТИНЕЦКИЙ, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ат. ҚӨУ СТУДЕНТІ:
— Егер үйрек немесе шағаланы тапқың келсе, дауысына елітесің. Арнайы қосымшамен құсты шақырасың. Сыңарының дауысын естіп, соған қарай ұшып келеді. Ал құстың нақты түрін анықтау үшін кәсіби білім қажет.

Даниил Христинецкий Қостанайдағы әуесқой орнитологтар арасында танымал. Ел аумағында кездесетін құстың жартысына жуығын өз көзімен көрген. Суретке түсіріп, сипаттап жазған. Жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының студенті. Бердвотчерлер клубының жетекшісі. Бұл –еліміздегі алғашқы құрылған бердвотчерлер клубы.

ТАТЬЯНА БРАГИНА, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
— Бердвотчерлер клубы –құсты зерттеушілер бірлестігі. Бұл клубтың мақсаты қандай? Ғылыми мәліметтерді толықтыру. Мысалы, Наурызым қорығындағы құстар жақсы зерттелгенімен, бұл облыс аумағы толықтай бақыланған жоқ. Өңірдің кең байтақ аумағында әлі де зерттеуді қажет ететін жерлер бар.

Қостанайлық бердвотчерлер ғылыми-зерттеу экспедициясына және ірі халықаралық жобаларға қатысқан. Олар – «Тырналар күні», «Жемсауыт», «Қыста құстарды қоректендір», «Құстар күні» және «Саябақтар маршы» акциясының бастамашысы. Олар балаларды құстардың тіршілігін зерттеуге, табиғатты аялауға шақырады.

ТАТЬЯНА БРАГИНА, БИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
— Әрине, оқу керек. Тек кітаптан емес, дала жағдайында да көру керек. Наурызым қорығында шамамен 300-ге жуық, нақтырақ айтқанда, 280 құс түрі бар. Бұл қорық 90 жылдан астам уақыт бойы зерттеліп келеді. Ал мына кітапта олардың саны 316 деп көрсетілген. Бұл – облыстың бір ғана аумағының көрсеткіші.

«Иә, қалалық фауна да таңғалдырады», — дейді бердвотчерлер. Мысалы, тек сарышымшықтардың өзі кемінде бес түрге бөлінеді. Ал бердвотчерлер үшін нағыз олжа – безгелдек. Бұл – көгершіннен сәл ғана үлкен құс. Безгелдектің әлемде таралуы бойынша 95% Қазақстанда ұялайды. Негізінен, Қостанай облысында таралған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал