KazLLM мен AlemLLM: қазақстандықтар неге шетелдік сервистерді таңдайды?

Қазір Қазақстанда екі үлкен тілдік модель бар. Олар – KazLLM және AlemLLM. Алайда бұл тілдік модельдер елімізде қаншалықты қолданылып отыр? Жасанды интеллектіге негізделген отандық өнімге қызығушылық бар ма? Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те назар аударып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне бірқатар қатаң сұрақ қойған болатын.
Президент кеңейтілген Үкімет отырысында ресми түрде іске қосылғанына қарамастан, отандық жасанды интеллектке деген қызығушылықтың неге төмен екенін, азаматтардың не себепті әлі де ChatGPTсияқты шетелдік сервистерді таңдайтынын сұрады. Министрлік бұл жағдайды өзгерту, KazLLM-ді сұранысқа ие, жаппай қолданылатын өнімге айналдыру үшін нақты қандай шаралар атқарып жатқанын түсіндіруді талап етті. Министрдің айтуынша, қазір елде KazLLM және AlemLLM деген екі үлкен тілдік модель бар. Олар 40-тан астам жүйеге енгізілген. Олардың қолданыс аясын кеңейту үшін халықаралық сарапшылармен бірге жұмыс жалғасып жатыр.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Әлеуметтік желілердегі талқылаулар көрсеткендей, KazLLM дегеннің не екені, оның қалай жұмыс істейтіні және қандай пайдасы бар екенін шынымен де білетіндер саны санаулы сияқты. Жоба бар, бірақ қолданылу аясы тар. Сол себепті біз де KazLLM-нің не екенін, оны кім әзірлегенін, қандай міндеттерді шешіп жатқанын жан-жақты қарастыру үшін интернет желісін ақтардық.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мәтінмен жұмыс істейтін цифрлық «сұхбаттасушы» әрі «көмекші». Ол хат жаза алады, кодтауға көмектеседі, күрделі дүниелерді қарапайым тілмен түсіндіреді және мемлекеттік қызметтерден бастап білім беру платформаларына дейін түрлі сервисте қолданылуы мүмкін. Бірақ ЖИ қолданушылары шетел модельдерін көп пайдаланады екен. Отандық өнім неге жаппай қолданыста емес деген сұраққа мамандар мынадай уәж айтты.

АСПАНДИЯР НҰРИМАНОВ, НУ ЖАНЫНДАҒЫ АҚЫЛДЫ ЖҮЙЕЛЕР МЕН ЖИИ ДЕРЕКТЕР ТАЛДАУШЫСЫ:
— Біз олармен бәсекелесуді көздемейміз де, оған мүмкіндігіміз де жоқ. Себебі қуатымыз да аз, таланттарымыз да АҚШ-тағыдай көп емес. Біздің мақсат – бәсекелесу емес, қазақ тілінің артта қалмауын қамтамасыз ету. Қазақстандағы халық саны басқа елдермен салыстырғанда онша көп емес. Сондықтан егер өнім жасайтын болсақ, оны халықаралық нарыққа шығаруды ойлау керек.
ЕРКІНБЕК ТАЛАСБЕК, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МАМАНЫ:
— Өз ойымды айтатын болсам, жасанды интеллектіден дәл қазір қорқудың қажеті жоқ. Адам табиғатынан белгісіз дүниеден қорқады ғой. Керісінше мұны бір үлкен мүмкіндік деп қарау керек. Кезінде интернеттің пайда болуы, мұнайдың пайда болуы секілді. Бірақ біз басқа мемлекеттерден қалып кеткен жоқпыз. Басқа ТМД елдерімен салыстырған кезде креативті дүниеде өте жақсы дамып келе жатырмыз.

KazLLM Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қазақ тіліндегі ұлттық ірі тілдік модель ретінде әзірленген. Бұл жоба Қазақстандағы ЖИ экожүйесінің екінші кезеңі болып саналады. 2019–2023 жылдары басты назар кадр даярлау мен білім беру бастамаларына аударылса, 2024 жылдан бастап, отандық технологиялық өнім жасауға көшті. «Алғашқы қазақстандық ірі тілдік модельдің шығуы «ЖИ-ді үйренуден» «ЖИ жасаудың» кезеңіне өткенімізді көрсетті және жергілікті мамандардың қазақ, орыс тілдері мен жергілікті контекстке бейімделген іргелі модельдер жасай алатынын дәлелдеді», — дейді мамандар. Ендігі міндет – қолданушы аясын кеңейту, қолда бар отандық өнімді тиімді пайдалану.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал