Астанада 12 жастағы қызды бейтаныс ер адам мазалап, мектептен үйіне дейін ілесіп барып, түрлі сұрақ қойған. Мұны байқаған ата-анасы құқық қорғау органдарына жүгінген. Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдерінің айтуынша, сталкингтің құрбаны тек ересектер ғана емес, балалар да болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өзіңді қалай қорғауға болады және өткен жылы күшіне енген заң қалай жұмыс істейді?
26 жастағы Астана тұрғыны қыр соңынан қалмай, ізін аңдыған бұрынғы танысынан құтыла алмай жүргенін айтады. Бұған дейін қыз-жігіт болып жүрген екеудің бірі қазір қорқыныштан ұйықтай жүр.
Бойжеткеннің жан-жағына жалтақтап жүргеніне айға жуықтаған. Елімізде сталкинг қылмыстық жаза ретінде айыпталса да аңду азаймай отыр. Тіпті сотталып кеткені де бар. Полиция күн сайын қуғын көрдік деп арыз жазатындар көбейді деп отыр. Әсіресе 25-35 жастағы қыздар шағымданған.
ГҮЛЗАТ КЕРІМБЕКОВА, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
— Шымкент қаласында болған Нұрайдың жағдайынан кейін қыздар, әсіресе студенттер 102 каналына хабарласа бастады, біз оларға кеңес береміз, бағыт-бағдар береміз.
Қазір инспекторлар апта сайын әр түрлі шара жүргізіп жатыр. Сталкинг мәселесі өзекті екенін айтып, өзге сарапшылар талдау жасап жүр. Психологттар да қарап жатқан жоқ.
ГҮЛНАРА ЕСМҰХАНОВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Сталкерлер әдетте бірнеше түрге бөлінеді: қабылданбағандар және сәтсіз көңіл білдірушілер. Психологиялық жіктеуге сүйенсек, ең жоғары қауіп төндіретіні – қабылданбағандар. Олар тарапынан зорлық-зомбылық жасау, тіпті өлімге әкелуі мүмкін жағдайлар да кездеседі. Қабылданбаған адамда кек, ашу, агрессия сезімі пайда болады. Қудалаушылар жәбірленушіні ұзақ уақыт бойы аңдуы мүмкін. Әйелдер көбіне эмоциясын ашық білдірсе, ер адамдар сезімін ұзақ уақыт іште сақтап, кек сезімін сыртқа шығармайды.
Психологтардың айтуынша сталкингке ұшыраған қыз-келіншектер қатты күйзелуі мүмкін. Сондықтан полиция, дағдарыс орталығы сияқты мекеме бірлесіп жұмыс істеуі керек деп есептейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.