Алматыда жаз шығысымен жаяу жүргіншілер жолында электрлі самокатпен жүруге тыйым салынбақ. Қала билігі осылайша электросамокатты көлік құралына теңестіруді көздеп отыр. Алайда сарапшылар бұл шешім жол-көлік оқиғасын көбейтіп жіберуі мүмкін деп қауіптенеді. Былтыр Алматыда электрлі самокат тізгіндегендер 386 рет апатқа ұшырап, 400-ден астам адам зардап шеккен. «Енді тротуарда жүруге тыйым салынса, самокат мінушінің дені автожолға шығады. Өйткені мегаполисте велосипедке арналған жолдың ұзақтығы 90 шақырымға жетер-жетпес», — дейді мамандар.
ЭДУАРД ЭДОКОВ, ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛЬ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егер біз көлік жүйесін, соның ішінде велосипед, самокат, электросамокат, монодөңгелек секілді микромобильді құралды дамытқымыз келсе, онда арнайы инфрақұрылым қажет. Бұл – жолдағы жүктемені азайтудың тиімді тәсілі. Осы бағытқа көңіл бөлу керек. Өйткені веложол мен жолақ салу – оператордың міндеті емес, бұл – мемлекеттің құзырындағы жұмыс. Ал бақылау, шектеу енгізу және техникалық реттеуді операторлар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жүзеге асырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.