Өскемендегі 18 мектепке 4 мың оқушыға орын керек. Қаланың сол жақ бөлігіндегі білім ошағы екі есе артық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Сондықтан әр сыныпқа 27, тіпті одан да көп бала отырғызуға тура келеді. Мұғалімдер амалсыз айлаға барып, дене шынықтыру және еңбек сабағын біріктіріп өткізіп жүр. Мысалы, бір спортзалдың ішінде бірнеше бесінші сынып қатар жаттығады. Жергілікті билік қалада үш жаңа мектеп салу жоспарлап отыр. Шағын әрі ескі 12 мектеп жаңғыртылып, қайта салынады. Алдағы үш жылда Өскеменде төрт білім нысаны: мектептер мен балабақшалар бой көтереді. Ірі құрылысқа жеке инвестор тартылмақ.
МАРУЗА ӘБІКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мектеп салынуы керек. Артық болмайды. Осы мектепке де балалар сыймай, жартысы жаңадан ашылған мектепке кетті. Соның өзінде бала көп.
ДУМАНҒАЗЫ АРҒЫНҒАЗИН, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Ең алдымен, спорт кластері орналасқан ауданға мектеп салу жоспарланып отыр. Қазір сол аумақтан жер телімі бөлінді. Бір мектеп тұрғызылуы тиіс. 50-ші мектеп маңынан тағы бір мектеп қажет. Қалғаны 28-шағынауданда салынуы керек. Ол жақта қазір мүлде мектеп жоқ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.