Еліміздің солтүстігінде көктем жақындаған сайын Бескөл ауылы тұрғындарынан маза қашты. Себебі елді мекенді қоршай салынып жатқан бөгетте су өткізетін құбыр қарастырылмаған. Күн күрт жылынса, халық енді қар суынан зардап шегеміз бе деп алаңдап отыр. Тіпті дамбаның құрылысын жүргізу барысында мамандар бірнеше үйдің аумағына заңсыз кіріп кеткен. Салдарынан жұрттың бау-бақшасы, қора-қопсысы топырақ астында қалып, бүлінуде.
Болат Сартаевтың баспанасы Бескөл ауылының шетінде орналасқан. Азамат: «Осы маңнан бөгет көтергендер бау-бақшамның астаң-кестеңін шығарды», — деп қынжылады. Тіппі қоршаумен қора-қопсысы да топырақ үйіндісінің астында қалған.
БОЛАТ САРТАЕВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Территориямның жартысына дамба салып тастады, алдын ала келіскен жоқ. Қазір менің бау-бақшамды бұзып тастады. Мал ұстай алмаймын, қора бұзылып жатыр. Содан малдың бәрін сатып жатырмын. Басқа территория берсін, басқа үй берсін бе, білмеймін…
Құрылысы екі жыл бұрын басталған бөгет бірнеше үйге тым жақын тұр. Тіпті кейбірінің ауласына дейін кірген. Ал ауыр техникалар болса, жолды бүлдіріпті. Салдарынан халық жедел-жәрдем көлігін шақырта алмай дал. Сондай-ақ тұрғындар топырақ үйіндісінде дренажды жүйе қарастырылмағанын айтып дабыл қағуда. Енді олар көктемде күн күрт жылынса, қар суынан зардап шегеміз бе деп үрейленіп отыр.
СЕРГЕЙ МАРТЫНОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жұмыс басталғанда су өткізетін құбыр салу керек деп талай мәрте ескерттік. Ешкім тыңдамады. Біздің аудан ойда орналасқан. Ертең жиналған қар суы қайда кетеді?
ТАТЬЯНА БАРАНОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Күз-көктем үйімізге жету мұң. Маңайдың бәрі батпаққа айналады. Салдарынан отын-көмірімізді дұрыстап дайындай алмаймыз. Біздің бар талабымыз жолды реттеп, құбыр орнатып берсін.
Ал әкімдік өкілдері болса, халықтық талап-арызы күн жылынған кезде орындалады деп қысқа қайырды. Ал тұрғындарды басқа жаққа көшіріп, оларға өтемақы төлеу негізсіз деп есептейді.
АЗАТ ЫБЫРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл адамдардың жеке мүддесі бар. Себебі бөгет құрылысы басталған кезде, олар өз үйлерін мемлекет сатып алсын деп өтініш жазған. Алайда дамба бұл баспаналарға айтарлықтай зақым келтірмейтінін ескерген біздің мамандар бұл процестен бас тартты. Бүлінген қора-қопсы мен жолды мердігер күн жылынған соң жөндеп береді. Ол бұл міндеттен бас тартып отырған жоқ.
Тұрғындар мұндай шешіммен келіспесе, сотқа арыздануға құқылы. Ал дамбаға дренажды жүйе енгізілмейді. Себебі бастапқы жобада ол қарастырылмаған. Қар суы жиналса, ол сорғышпен құрғатпақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.