Ақтөбеде былтыр апатты деп танылған жатақхана өртенді. Төтенше жағдай кезінде жүзден астам адам эвакуацияланды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тұрғындардың сөзінше электр желісі әбден тозған. Оттың тұтануына да сымдардың тұйықталуы себеп болды. Бүгінде мұнда негізінен көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар мен студенттер тұрып жатыр. Олардың ешқайсысының барар жері жоқ. Сондықтан апатты баспанада күнелтуге мүжбүр. Апаттан кейін нысан электр қуатынан толық ажыратылды. Әкімдік өкілдері болса, халықты пәтер кезегіне тұруға шақырады. Ал оларды көшіру мәселесі әзір қарастырылып жатқан жоқ. Жалпы қалада бүгінде 40-қа тарта апатты жағдайдағы баспана бар.
АЙНҰР ТӨЛЕПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күндіз болып, бізді қайта Құдай сақтап қалды. Бала-шағамызбен тентіреп жүрміз. Үйге кіре алмаймыз. Үйдің іші ыс, қап-қара түтін. Әкімшіліктен жарықты қосып беруін сұраймыз. Кешкісін үйімізге қонбаймыз ба? Қайда барамыз? Тамағымызды қайда істейміз?
ӘСИМА ОМАРОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— 1969 жылы салынған үй бес қабаттан тұрады. Қазіргі таңда іргетастарының ептеп сөгілуі анықталған. Мемлекет қаржысы есебінен техникалық тексеріс жүргізілді. Баспанасы апатты деп танылған жағдай бойынша Отбасы банкке кезекке тұра алады. Түсіндірме жұмыстары жасалды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.