Астанада қаңтар айына келген коммуналдық төлемдерге қатысты тұрғындар наразылық білдіруде. Түбіртектерде көрсетілген сома әдеттегіден бір жарым-екі есе дейін жоғары болған. Әлеуметтік желілерде түрлі пікір жазылып, көпшілік төлемнің күрт өскенін айтуда. Ал жауапты мекемелер не дейді?
Астаналықтар коммуналдық төлемнің өскеніне шағымданды. Ақпан айында келген түбіртектегі сома көпшілікті шошытқан. Әсіресе жылуға қатысты тарифтің артқанына наразы.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қаңтар айынан бастап 54 мың тг болды. 1 бөлмелі үй, 42 шаршы метр. Біз үшін өте қымбат, өйткені баламның айлығы аз, үйім ипотекада. Қаңтар айына төлей алмадым. Өйткені коммуналдық төлемге қарызымыз көбейіп тұр.
Әлеуметтік желіде де бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар түбіртектің суретін жарыса жариялап, тарифті салыстырып әлек. Көпшілігі есептің қалай жүргізілетінен хабарсыз. Бірақ коммуналдық ақы көтерілгенін аңғарған.
Тұтынушылардың жылу төлеміне қатысты сауалына жауап алу үшін «Астана-Теплотранзит» мекемесіне хабарластық. Мамандардың мәліметінше, жаңа жылда жылу тарифі қымбаттаған жоқ. Соңғы рет ақы қазан айында өскен. Есептегіш құралы бар пәтердегі бағасы 3 242 теңге деп белгіленген. Ал жылу ақысының биыл көп шығуына бірнеше фактор әсер еткен. Ең алдымен, төлем тұтыну мөлшеріне тікелей байланысты. Ал қаңтарда ауа темпуратурасы төмен болып, жылуды тұтыну көлемі артты.
ӘСЕТ ШАМКЕНОВ, АСТАНА ЖЫЛУТРАНЗИТ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Кейбір тұтынушы төлемді айдың 1-інен кейін жүргізеді. Мұндай жағдайда жасалған төлем түбіртектегі есепке кірмей қалады. Себебі есептеуді автоматты түрде жүргізетін жүйе айдың басынан кейін түскен қаражатты осы айдың төлеміне қоспайды. Бұл – қарыз деген сөз емес. Тұтынушы бірыңғай төлем құжаты бойынша есеп айырысуды әр айдың 25-іне дейін жүргізуі тиіс.
Сондай-ақ тұрғындарға ыстық пен салқын су есептегішінің көрсеткішін дер кезінде тапсыру қажет. Бақылаушылар кейде пәтерге кіре алмайды, ал тұтынушылар мәліметті өздері де жолдамайды. Мұндай жағдайда төлем орташа тұтыну көлемі бойынша есептеледі.
Астанада биылғы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық қызмет тарифтеріне мораторий жарияланған. Табиғи Монополияларды реттеу департаментінің мәліметінше, жаңа жылда жарық, су және жылу бағасы өскен жоқ.
АЙНҰР ИБРАЕВА, ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Түбіртектегі жалпы сома тек реттелетін коммуналдық қызметтен тұрмайды. Жедел саты мен меншік иелері бірлестігіның шығыны секілді өзге де қызмет кіреді. Нәтижесінде, коммуналдық төлемнің жалпы көлемі одан да асып түсуі мүмкін. Толық ақпарат алу үшін Табиғи монополияларды реттеу департаментіне жүгінуге кеңес береміз. Мамандар жеке тексеріс жүргізіп,түсіндіріп береді.
Мамандар тұрғындарға есептегіш құралдағы көрсеткішті дер кезінде жіберіп, коммуналдық қызметке уақытылы төлем жасауға кеңес береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.