Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне жаңадан берілген пәтерде бүрсеңдеп отыр. Келісімшарт бойынша 1 ай ішінде қоныстанып, ай сайынғы төлемді жасау қажет болған соң, тұрғындар көшкен. Алайда үйге әлі жылу берілмеген. Соның салдарынан тұрғындардың алды сырқаттана бастаған.
Гүлнар Үсенбекова қанша жыл бойы армандаған баспанасының кілтін алғанда қатты қуанғанын айтады. Алайда қуанышы ұзаққа созылмапты. Өзі де, екі баласы да – екінші топтағы мүгедек жандар. Қазір жылуы жоқ үйде тұруға мәжбүр. Себебі бұған дейін тұрған жалдамалы пәтер ақысын, жаңа үйдің де ай сайынғы төлемін төлеуге шамам жетпейді, дейді ол.
Келісімшартта бір айдың ішінде көшіп келуге міндетті делінген соң, тұрғындар жаңа баспаналарына қоныс аударған. Бірақ келгендердің басым көпшілігі: «Қайта-қайта жедел жәрдем шақырып жатырмыз», — дейді. Себебі үйде не жылу, не ыстық су жоқ.
ГҮЛЖАН АБДРАХМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— І топтағы мүгедек қызым бар, екеуміз өте қатты қиналып жатырмыз. Не жылы су, не газ жоқ, амал жоқ тұрып жатырмыз. Кішкентай пешпен отырмыз, ол дұрыс жылымайды. Қызымның түнімен қызуы көтерілді.
МАҚСАТ КАНАЛБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйді алған азаматтар бір айдың көлемінде көшіп келу керек деп жазылған. Әр айдың бесіне дейін төлем жасалмаса, өсім жүреді делінген. Көшіп келейін десек, кішкентай балаларымыз бар, ауырып қалады. Ал көшіп келмейін десек, көбі пәтер жалдап тұрады, қиналып жатыр. Сол себепті газды қосып беруін ғана сұраймыз.
Құрылыс жүргізуші компания өкілдері болса, тұрғындардың 70 пайызы қоныстанбай, газ берілмейтінін жеткізді.
НҰРЖАН БАҚИ, ҚҰРЫЛЫС УЧАСКЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Әр үйде 20-30% қана тұрғын келген, сол себепті біз газды қосып бере алмай жатырмыз. 290-дай адам кілт алған, бірақ оның 130-ы ғана келіп тіркелген.
Ал кілтін алған басқа да тұрғындардың көшіп келе алмауына тікелей себеп тиісті басқарманың келісімшартты бермеуі екен. Құжатын қолына ала алмай отырған жұрт жаңа баспанасына қоныстана алмай отыр. Сәйкесінше, газ қосуға қажет тұрғын саны да толмайды. Десе де басқарма өкілдері соған қарамастан, қосу жұмыстарын бастайтынын жеткізді.
БАҒЛАН ЖҰМАХАН, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Қазір газ қосу жұмыстарын жүргізеді.
Ал газбен жабдықтаушы компания жұмыстың қанша уақытқа созылатыны белгісіз екенін айтып отыр.
МЕЙІРЖАН КАМАЛОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:
— Қазір қосып, ішкі жұмыстарын бастаймыз. Егер ішкі жұмыстарынан ешқандай кінәрат табылмаса, ертең таңертең қоса бастаймыз. 8 сағат жұмыс деп есептесеңіз, біз бұл жаққа қанша бригада берілетінін білмейміз.
Жиналған жұрт түсірілімнен кейін бір үйдің пәтерлеріне газ беріле бастағанын жеткізді. Алайда басқа көпқабатты үй тұрғындары әлі де бүрсеңдеп жылу берілгенін күтуге мәжбүр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.