Павлодарлық Котенёвтер әулеті Монте-Карлода өткен цирк фестивалінде жүлдегер атанды

Павлодарлық Котенёвтер әулеті Монте-Карлода өткен халықаралық цирк фестивалінде жүлдегер атанды. Олар «Күміс клоун» сыйлығын және көрермен көзайымы жүлдесін иеленді. Фестивальге әртістерді Монако ханшайымы Стефанияның өзі шақырған.
Котенёвтер отбасы Илья мен Регина цирк өнеріне спорттық акробатикадан келген. Илья жолақта секіруден бастаған, ал Регина кілем үстіндегі жаттығулармен айналысқан. Жастық шағында спорт залында танысқан жұп содан бері 20 жыл бірге еңбек етіп келеді. Олар балаларын да спорт пен цирк өнеріне баулыған. Монте-Карлодағы халықаралық фестивальде отбасылық жұп қызы Зарамен бірге өнер көрсетті. Павлодарлық акробаттардың шашпен және тіспен орындалатын нөмірі көпшілікті таңқалдырды.

Бұл фестивальге әлемнің ең үздік цирк әртістері жиналады. Котенёвтер отбасы оған алты ай бойы француз режиссерінің жетекшілігімен дайындалған. Еңбегі еш кетпеді. Әртістер «Күміс клоун» жүлдесін және көрермен көзайымы сыйлығын алды.

РЕГИНА КОТЕНЁВА, ЦИРК ӘРТІСІ:
— Монте-Карлода өнер көрсеткенде көрермен жылап отырды. Сахнадан шыққан бізге «үздіксіздер» деп айтып жатты. Трюк жасаушылар көп. Бірақ біздің өнеріміз халықтың жүрегіне жеткен сияқты. Өйткені біз бірлігі жарасқан отбасының үлгісін көрсеттік.
ИЛЬЯ КОТЕНЁВ, ЦИРК ӘРТІСІ:
— Бұл – ең беделді цирк фестивалі. Кез келген әртіс үшін мансаптағы ең биік белес деуге болады, оған қатысу – әркімнің арманы. Онда жай ғана өнер көрсетудің өзі үлкен жетістік. Біз бұл циркке күтпеген жерден тап болдық. Монако ханшайымы Стефания біздің инстаграм парақшамызға бұрыннан жазылған, бізді сырттай бақылап жүр екен. Сол кісі біздің фестивальде өнер көрсетуімізге қызығушылық танытқан.

Илья мен Регинаның қызы Зара да ерекше марапатқа ие болды. Ол фестивальдің ең жас қатысушысы атанды.

ЗАРА КОТЕНЁВА, ЦИРК ӘРТІСІ:
— Маған циркте өнер көрсету ұнайды. Барлығы қол соғады, маған сол ұнайды. Ханшайым Стефания маған футболка, ішіне сурет қоюға болатын піл мүсінін және қалам сыйлады.

Павлодарлық әртістер еңбек пен шеберліктің арқасында әлемді мойындатты. Монте-Карло фестиваліндегі жетістік – жылдар бойғы дайындық пен жанкешті жұмыстың лайықты жемісі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал