Шымкент қаласында Бадам өзеніндегі бетон бөгет зақымданды. Бұл жағдай белгісіз адамдардың заңсыз қиыршық тас өндіруі салдарынан болған. Енді тұрғындар өзен арнасынан тасуы мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі бірнеше күннен бері қалада толассыз жаңбыр жауып жатыр.
Бадам өзеніндегі жағдай халықты алаңдатып отыр. Жаңбырлы ауа райынан Жаңаталап, Көкбұлақ елдімекендерінің тұрғындары өзен арнасынан тасуы мүмкін деп қорқады. Өйткені әлеуметтік желіде Бадам жағалауының бетон бөгетінің ондаған метр аумағы бүлінгені туралы ақпарат тарады.
Жергілікті биліктің мәліметіне сүйенсек, белгісіз тұлғалардың өзен арнасынан заңсыз тас қазып алған. Салдарынан гидротехникалық құрылыс нысанына зиян келіп, бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Бүлінген аймақ 40 метр емес, одан көпке ұқсайды. Аумағына қарағанда заңсыз тас қазып алу жұмыстары біраз уақыт жүрген сияқты. Алайда қазір мұнда ешкім жоқ. Ал гидротезникалық нысан аумағында қалпына келтіру жұмыстары әлі бастала қоймаған.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елді мекендері тұсында өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Бұл шаралар елді мекендерді су басу қаупінен қорғауға бағытталған.
ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі уақытта бетондалған аумақтың тоғызыншы және оныншы пикет аралығында 40 метрді құрайтын бетон қабаты бүлініп отыр. Бұл өзен арнасына белгісіз азаматтардың заңсыз кіріп, тас алу себептерінен болып отыр. Қазіргі уақытта мердігер мекеме тарапынан бүлінген бетон қабатын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Қазіргі уақытта полиция басқармасы тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жауаптылар бүлінген аумақ мердігер мекеменің есебінен қалпына келтірілетінін жеткізді. Айта кетейік, көктемде су деңгейі көтерілетінін ескеріп, өткен жылы тасқын қаупін азайту мақсатында өзен жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілген. Ұзындығы 5,3 шақырымды құрайтын жағалау бекітілген еді. Оған 2,7 миллиард теңге қаражат бөлінген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.