«Іргетасы отырып, қабырғалары қақырай бастады». Петропавлда көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, жертөледе орналасқан қорғаныс ғимараты көп жылдан бері иесіз тұр. Күтім болмаған соң, мұнда жыл он екі ай су жиналады. Салдарынан кірпіш үгітіле бастаған. Осылайша, халық қазір үреймен күн кешуде.
Марина Шишкинаның осы үйде тұрып жатқанына жиырма жылға жуықтаған. Содан бері проблемадан көз ашпай келеді. Айтуынша, баспананың жертөлесіндегі қорғаныс нысанының аумағы 400 шаршы метрден асады. Алайда казір оның иесі жоқ. Сондықтан қысы-жазы ол суға толады.
МАРИНА ШИШКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Міне, біздің құбырлар. Ертең олар тесіліп қалса, қалай ауыстыруымыз керек? Іштегі судың деңгейі жыл он екі ай жарты метрден төмендемейді. Күні кеше айқай-шумен коммуналдық кәсіпорынның мамандарын шақыртып, тазартып алдық. Қазір тағы жиналып жатыр.
Жерасты суының көтерілуінен пәтерде құрт-құмырсқа көбейген. Қолқаны алатын жағымсыз иіс тағы бар. Ал күн жылынса тұрғындар шыбын-шіркейден көз ашпайтындарын айтады.
ТАМАРА СЕЛЯНИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Пәтердегі жиhаздардың есігі ашылмай қала береді. Бұл үй қисайып бара жатыр деген сөз. Үйдің іргетасы отырып, қабырғалары сөгіле бастады. Ал жертөледе құрт-құмырсқадан бастап кеміргіштерге дейін бар.
Бес қабатты баспананың жертөлесіндегі қорғаныс ғимараты бүгінде ешкімнің балансында жоқ. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тексеріс бастағанны мәлімдеді.
ӘЛІБЕК БОРАНБАЕВ, ТЖБ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Қазір мұндай нысандарда түгендеу жүргізіліп жатыр. Проблемалық мәселелер бойынша барлық ақпарат жергікті атқарушы орган өкілдеріне жолданады. Яғни, болашақта бұл ғимараты әкімдікке не болмаса тұрғындардың меншігіне берілуі тиіс.
Айта кетейік, көпқабатты үй өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Бүгінде мұнда 40-қа жуық отбасы үйреймен күн кешіп жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.