Алматыдағы ауаның ластануы шекті мөлшерден асқан

Алматы қаласын түтіннің тұмшалауы қалыпты құбылысқа айналды. Ауаның ластануы білгіленген мөлшерден асып кетуі жиі байқалады. Әсіресе қыс мезгілінде жағдай күрделене түседі. Экологтар шаһардың өзінен шыққан зиянды қалдық салдарынан геграфиялық құрсауда қалғанын айтады. Ал атқарушы билік: «Бұл мәселені шешеміз», — дейді.
Арман қала Алматының үнемі түтінге тұмшалануы тұрғындарды жиі алаңдатып отыр. «Оның негізгі себебі – көлік санының артуы мен жылыту маусымынан емес. Шаһардың тау бөктерінде орналасуы және қыста желдің аздығы», — дейді экологтар.

ЖҰЛДЫЗ СӘУЛЕБЕКОВА, ЭКОЛОГ:
— Қаланың тау бөктерінде орналасуы түрлі құбылыстың пайда болуына әсер етеді. Біріншіден, қараша-ақпан айларында сібірден келетін антициклон. Салдарынан ауаның табиғи желдетілу мөлшері төмендейді. Бұған жылы ауаның суықты ығыстыруы да өз үлесін қосады. Екінші себеп, қоршаған ортаны бүлдіру көздері. Соңғы 10-15 жылда Алматы қаласы мен Алматы облысында халықтың саны едәуір артты.

Өткен жылы мамандар түрлі зерттеу жүргізген. Нәтижесі, Алматыда ауаның ластану мөлшері қалыпты жағдайдан 30 пайызға артық екенін көрсеткен. «Бұл түрлі аурулардың асқынуына әсер етуі мүмкін», — дейді мамандар.

ЖҰЛДЫЗ СӘУЛЕБЕКОВА, ЭКОЛОГ:
— Ауадағы зиянды қалдық мөлшері жыл сайын артып келеді. Олар тыныс жолдары арқылы адамдардың ағзасына еніп, демалыс органдарына, қанға әсерін береді. Мұнымен қатар түрлі вирус, бактериялардың пайда болуына, оның адам денсаулығына зиян келтіруіне себепкер болады.

Шаһарда жылыту маусымына байланысты қысты күні тыныстау қиындай түседі. Жергілікті әкімдік өкілдері ауаны тазарту бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтады.

ЛӘЙЛӘ МҰХАМЕТРАХЫМОВА, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОҚБ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Алматы қаласы бойынша жеке тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қоғамдық көліктерді экологиялық түрлеріне ауыстыру және қоғамдық көліктерді дамыту жүйелері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жеке, яғни жылжымалы ластаушы көздермен жұмыстар жүргізіліп жатыр, рейдтер жүргізіліп жатыр. Жасыл желектер отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Билік өкілдері біртіндеп қаладағы қатты және сұйық отынды тұтынуды шектемек. Оған көгілдір отын желісіне қосылу мүмкіндігі бар жеке үйлер, өзге де меншік иелері енеді. Ал мүмкіндік бола тұра қосылмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұл мәселені кешенді түрде шешуге болады. Ол үшін көліктен шығатын зиянды қалдықты азайту, тиімді энергия және таза отын түрлеріне көшу керек. Құрылыс кезінде қаланы тазартып тұратын жел дәліздерін ескеру де маңызды. «Мұндай балама көздер тұрғындар мен кәсіп иелері үшін қолжетімді болуға тиіс», — дейді табиғат жанашырлары.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал