Сәтбаевта ешкімі жоқ аналарға босанғаннан кейін көмектесетін топ жұмыс істейді

Елімізде жас босанған кезде жалғыз қалып, басына іс түскен соло-аналарға қол ұшын беретіндер табылды. Бастама әлеуметтік желідегі бір ғана жазбадан соң бастау алып, аз ғана уақыт ішінде ауқымды көмек қозғалысына айналды. Сәбилі аналарды перзентханадан қарсы алған еріктілер, ең қажет заттар және психологиялық қолдаумен көмектеседі. Қазақстанда басталған игі шара қазір Орталық Азия мен ТМД-ның басқа елдеріндегі әйелдерге де шабыт беріп отыр.
Соло-аналарға көмектесу идеясы кеңседе болмаса, ірі жоба аясында емес, перзентхана жанында қарапайым бір күні пайда болды. Жаңа туған сәбиімен жалғыз қалған әйелмен кездейсоқ кездесу Әйгерім Бижігітова үшін кішкентай болса да үлкен істің бастауы, өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарамау жайлы көзқарасын өзгерткен сәтке айналды десе болады.

ӘЙГЕРІМ БИЖІГІТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Соло-аналарға көмектесу ойы мүлде кездейсоқ туды. Мен құрбымды перзентханаға алып барған едім. Қолында құндақтаулы баласы бар әйел шықты. 2025 жылдың жазы болатын. Әлгі келіншек қоршаудан шығып, жол жиегіндегі бордюрге отырды да, баласын жерге қоя салып қатты жылады. Осыны көргенде жаным қатты ауырды, өйткені өзім де анамын ғой. Жай ғана барып: «Балаңызды ұстай тұрайын ба?» — дедім. Ол келісіп, сәл тынышталды. Алып кететін адамы жоқ екенін білдім. Оларды алып кеткім келетінін айтып едім, келісті.

Осылайша жападан жалғыз қалғандай күй кешкен аналарға көмек қолын созу жаңа жобасы дүниеге келген. Содан бері барар жері қалмаған 6 бірдей соло анаға қол ұшын берген. Жас босанған әйелдерді қажет заттармен және уақытша баспанамен қамтамасыз етуге септігін тигізді. Аналардың бірі әлі күнге дейін оның үйінде тұрып, өмірінің ең қиын кезеңінде қолдау көріп жүр.

ӘЙГЕРІМ БИЖІГІТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Егер әйел перзентханадан шығатын кезде оны қарсы алатын ешкімі жоқ екенін түсінсе, бұл мәселе емес дегім келеді. Мен сияқты қол ұшын созуға дайын әйелдер көп екеніне сенемін. Шыққаннан кейін біреулер басқа қалаға кетеді, мен оларға билет алып беремін, біреулерді осы жерде орналастырамын. Аналар немен айналысқысы келетінін сұрап, қолдан келгенше көмектесемін.

Мамандардың айтуынша, босанғаннан кейінгі алғашқы апталарда жас аналарға міндетті түрде демеу қажет. Бұл кезеңде қолдаудың болмауы алаңдаушылықты күшейтіп, тек ананың емес, баланың да жағдайына әсер етуі мүмкін.

АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ:
— Босанғаннан кейінгі кезеңде әйел «Мен жалғызбын, ешкімге керек емеспін, шамам жетпей жатыр, күшім жоқ, мен жаман анамын» деген ойларға кезігуі мүмкін. Мұның бәрі қолдаудың жоқтығынан туындайды. Ағза психологиялық та, физиологиялық та тұрғыда мүмкіндігінің шегінде болады. Ал қасында адамның болуы психикаға қауіпсіздік сезімін береді, босанғаннан кейінгі депрессия қаупін төмендетеді, нәтижесінде ана мен баланың жағдайы жақсарады.

«Бұл әйелдердің оқиғалары қарапайым ғана жанашырлықтың өзі өмірдің ең осал сәтінде шешуші рөл атқара алатынын көрсетеді», — дейді мамандар. Ендеше, бір бірімізге қолдау көрсетейік. Сонда ешкім де жалғыз қалмайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал