Жамбыл облысында «қайтыс болды» деп жерленген әйел тірі болып шықты

Жамбыл облысында өте қызық жағдай болды. 73 жастағы әйел өзін жерлегеннен кейін бір ай өткен соң, үйіне аман-есен оралған. Оқиға Жамбыл ауданында болған. Зейнеткер екі жыл бұрын Тараз қаласында тұратын әпкесінің қолына көшіп барған. Былтыр Құрбан айт мерекесінен кейін ол із-түзсіз жоғалып кеткен. Туысының жоғалғаны туралы әпкесі полицияға хабарлаған. Тамыз айында далалы алқаптан жоғалған әйелге тиесілі болуы мүмкін мәйіт табылып, өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Зейнеткердің қызы мен немересі мәйітті өздерінің анасы және әжесі деп танып, жерлеу рәсімін өткізген. Алайда бір ай өткен соң әйел сап-сау күйінде Қостөбе ауылында тұратын ағасының үйіне келген. Сотта ол осы уақыт аралығында Айша бибі ауылында пияз теріп жұмыс істегенін айтқан. Зейнетақы төлемі тоқтатылған соң, оның себебін анықтау үшін Таразға барған. Сол кезде өзінің қайтыс болды деп танылғанын біліпті.
СЫМБАТ ЖҰЛДЫЗБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Полиция денені эксгумация жасап, қайтадан сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындады. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталып, қылмыстық іс тоқтатылды. Жамбыл аудандық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылып, қайтыс болу туралы куәлік жарамсыз деп танылды, ал акт жазбасы жойылды. Шешім заңды күшіне енді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал