Burger King-ке байкот: компания менеджерлері жұмыстан босатылды

Burger King-ке қатысты даудан кейін компанияның менеджерлері жұмыстан босатылды. Бұл туралы танымал мейрамхана желісі ресми мәлімдеме жасады. Оқиғаны Еңбек министрлігі де бақылауға алған. Ал аутизм диагнозы бар жігіт басқа жұмыс қарастырып жатыр.
Burger King мейрамханалар желісіне қатысты дау әлеуметтік желіде өршіді. Алматы тұрғыны Жанат Қаратай танымал брендті аутизм диагнозы бар ұлына қысым көрсетіп, жұмыстан кетуге итермеледі деп айыптады. Оның айтуынша, аутизм спектрі бұзылған Әлібек бұл компанияда төрт жыл бойы аспаз болып еңбек еткен. Осы уақыт ішінде ұжымға сіңісіп, өзіне жүктелген міндетті артығымен орындауға тырысқан. Алайда жаңа басшылық келгеннен кейін жағдай өзгерген. «Олар ұлыма қысым көрсетіп, жұмыстан кетуге мәжбүрледі», — дейді Әлібектің анасы. Сөйтіп, ақпанның алтысы күні жігіт жұмыстан кету жөнінде арыз жазған.

ЖАНАТ ҚАРАТАЙ, ӘЛІБЕКТІҢ АНАСЫ:
— Әлібек өтініш жазғанда, жұмыстан Сергейдің кесірінен кетіп жатқанын қосып көрсеткен. Олардан жұмыстан босатудың себебін сұрағанымда «компанияның стандарты мен регламентін орындамайды» деді. Бұған дейін төрт жыл бойы жасаған жұмысты балам енді істей алмай қалған.

Жанаттың жазбасы желіде кең тарап, қызу пікірталас туғызды. Бұрын Burger King-те жұмыс істегенін айтқан қолданушылардың пікірінше, Сергей есімді жаңа бас директор Ресейден көшіп келген. Олар оның өзге қызметкерлерге де қысым көрсеткені және еңбек құқықтарын бұзғаны жөнінде жазған. Жұрт бұған жаппай наразылық білдіріп, компанияның бургерін жемейміз деп бойкот жариялап жатыр. Оқиғаға еңбек инспекциясы да араласты. Burger King-тегі жағдай министрліктің бақылауында екен.

АЛМАТЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ:
«Жұмыс берушіден алынған ақпаратқа сәйкес, Burger King компаниясы ішінде қызметтік тексеру жүргізілуде. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды».

Burger King те Instagram-аккаунтында ресми мәлімдеме жариялады. Онда жазылғандай, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі тергеу әлі жалғасып жатыр. Компания Қазақстан азаматтарын кемсіту, құрметтемеу немесе қадір-қасиетіне, намысына тиесін кел кезген сөз, әрекетті қабылдамайтынын білдірген. Сондықтан танымал бренд Әлібекті жұмыстан кетуге мәжбүрлеген басшыны қызметінен босатқан.

BURGER KING KAZAKHSTAN:
«Қабылданған басқарушы шешімді ескере отырып, аумақтық менеджерлер – Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес».

Компания Әлібектің анасын кездесуге шақырған. Мұны Жанат та растады. Бірақ ол қазір аутист ұлының басқа ұжымға сіңуіне дайындалып жатқанын айтты. Әлеуметтік желідегі шудан кейін аспаз жігітке басқа қалалардан да сұраныс артқан.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал