Жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнім шығару ісін жолға қою қажет. Экономиканы одан әрі әртараптандыру жөніндегі тәсілдерді қарастырған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Үкімет басшысы Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуды тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту және озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында шаралар қабылдау қажеттігін айтқанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет. Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. «Яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді», — деді Үкімет басшысы.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі үлкен өндіруші сектордан асып түсті. Осы қарқынды сақтап қана қоймай одан әрі еселей түсу керек. Жаңа кластерлерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,4 пайызға артты. Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш. Экономиканы әртараптандыру және өсім жоспарларын орындау үшін өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторды терең өңдеуді дамытатын нақты іс шаралар қажет.
Үкімет ішкі нарықты отандық тауарлармен толық қамтуға назар аудармақ. Қазақстанда импорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін алмастыру үшін 200-ден астам жоба іске қосылады. Жиында «терең қайта өңдеу» жобаларын іріктеу тетіктері туралы айтылды. Қазақстан өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгеге жеткен, бұл 2024 жылғы деңгейден 8,1%-ға жоғары.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Сонымен қатар 41 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың нәтижесінде қосымша 165 мың тонна өңдеу қуаты енгізіледі. Бұл жобалар ішкі нарықты сүт өнімдерімен кең ассортиментін қамтамасыз етуге және экспортты кеңейтуге негіз қалыптастырады. Тері мен жүнді өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды кезең кезеңімен қалпына келтіру және жаңғырту жүргізілуде.
Қазақстанның мұнай өңдеу қуаты 2033 жылға қарай жылына 40 млн тоннаға дейін өседі. Жұмыс істеп тұрған МӨЗ-ді жаңғырту және қуаты 10 млн тонна жаңа зауыт салуға дайындық жүріп жатыр.
ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жобалары автокөлік бензинінің болжамды өндірісін жылына 5,6 млн тоннадан 9 миллион тоннаға дейін, авиакеросинді 0,7-ден 1,7 миллион тоннаға дейін, дизель отынын 6,2-ден 9,5 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026-2033 жылға арналған қуаттылығы жылына 10 миллион тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау және іске қосу жоспарланған.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бұдан бөлек, Премьер-министр құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Алайда бұл салада әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отырғанын, сондықтан өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырды.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Үкімет Қазақстанның тамақ өнімдерін өндіру бағытындағы жоғары әлеуетін атап өтіп, нәтижелі еңбек етіп жатқан кәсіпкерлікті қолдау керектігін айтты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.