СҚО-да көктемгі тасқынға қарсы шаралар күшейтілді

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қарсы шаралар күшейтілді. Өңірде 2200 адамнан құралған арнайы жедел әрекет ету тобы жасақталды. Олардың алды наурыз айының басында қауіпті аудандарға аттанады. Айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін құтқарушылар мен волонтерлер Петропавлдағы арық жүйесін тазартуға кірісті. Олар жеке сектордан қар шығаруға да атсалысып жатыр.
Юрий Шамрицкий қала іргесіндегі Жұмысшы кенті ауданында тұрады. Көктем келіп, күн жылынған кезде оның баспанасы су астында қалады. «Бұл жылда қайталанады», — дейді ақсақал. Ал тоқсанға таяған қария ауладағы қарды бір өзі сыртқа шығара алмайды. Бұл жолы оған волонтерлар қолғабыс етті.

ЮРИЙ ШАМРИЦКИЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жан-жақтан жиналған су менің аулама қарай ағады. Себебі баспанам ойда орналасқан. Бұрынғыдай онымен арпалысатын денсаулық та, күшім де жоқ. Шынын айтқанда, қазір сыртқа да аса шыға қоймаймын. Сондықтан көмекке келген мына жастарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Өңірде тасқынға қарсы шаралар күшейтілді. Жауаптылардың сөзінше, елдімекендерден бүгінге дейін 370 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Ал облыс орталығында қазір арық желілері тазартылып жатыр. Оның ұзындығы шамамен 300 шақырымнан асады.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары облыста су басуы мүмкін деген 112 ауылды бақылауға алды. Бұл елдімекендерде 7 мыңдай адам тұрып жатыр. Қазірдің өзінде арнайы жедел әрекет ету топтары жасақталды. Наурыз айының басында олар аудандарға аттанады.

ӘСЕТ ШАЙКИН, ТЖД БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Аймақта 38 ауыл өзен бойында, 12 елді мекен көл жағасында орналасқан. Тағы 62-сіне еріген қар суынан қауіп төніп тұр. Сондықтан бас-аяғы 2200 адамды құрайтын топ дайындалды. Мұнымен қоса 1400 техникамыз алдағы науқанға сақадай сай.

Сондай-ақ наурыз айында мамандар Есіл өзеніндегі 42 учаскеде мұз жару жұмыстарын жүргізбек. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 82 млн теңге қарастырылып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал