Қысқы Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан чемпионы, қазақстандық спортшы Михайл Шайдоровқа әр жарыс қарсаңында арнайы киім тігетін кім?
Мәнерлеп сырғанау – техника, музыка мен қимыл өнерін тоғыстырған ең әсем әрі әсерлі спорт түрлерінің бірі. Сондықтан сахналық киім де соған сәйкес болуы тиіс. Көз тартарлығымен қатар, күрделі спорт элементтерін орындауға төзімді болуы керек. Бұған қоса, спортшының мінезі, мұз айдынындағы бағдарламасы да терең талданады. Танымал дизайнерлер Сәкен Жақсыбаев пен Ақмарал Жарасқызы осылай дейді. Дәл осы мамандар қазақ спортының жұлдызы Михаил Шайдоровқа арнайы сахналық костюм тігіп берген.
СӘКЕН ЖАҚСЫБАЕВ, ДИЗАЙНЕР:
— Ақмарал екеуміз – Михаил Шайдоровтың бірнеше сахналық образының авторымыз. Оның командасымен, жаттықтырушысымен, Мишаның өзімен бірлесіп жасаған костюмімізді киіп, жеңіске жеткеніне, алтын медаль алғанына қатты қуандық, мақтан тұтамыз. Осы кеңседе бас қосып, Ақмаралды шақырдым. Оның командасы, хореографы келді. Сол кезде идеяларды талқылай бастадық.
Костюм дайындау – тек шығармашылық жұмыс емес, күрделі техникалық процесс. Матаның өзі жеңіл, созылмалы әрі берік болуы шарт. Әр элемент спортшының күрделі трюктерді еркін орындауына кедергі келтірмеуі керек. Кейде дизайнды өлшем кезінде қайта өзгертуге тура келеді. Мұнда спортшының қозғалысы, аренадағы жарық және костюмнің динамикада қалай көрінетіні де ескеріледі.
СӘКЕН ЖАҚСЫБАЕВ, ДИЗАЙНЕР:
— Костюмді тігіп бітірген кезде ол Қытайда өнер көрсетті. Сол жақтан оралған соң бірнеше ескерту айтты. Олар көбіне визуалдық шешімдерге қатысты болды. Киімді тастармен әрлеуді сұрады. Сонымен қатар аспанға ұласқан әдемі өтпелі реңк – омбре қосуды өтінді. Біз оның тілектерін ескеріп, костюмді жетілдірдік. Кейін бұл костюм Мишамен бірге Миланға аттанды.
Образда детальдардың маңызы зор. Декор, түстік шешім, силуэт — барлығы бағдарламаның көңіл-күйін жеткізіп, әсерді күшейтеді. Бұл костюмнің негізінде ғарыш тақырыбы жатыр. Жұлдызды аспан эффектісі мәнерлеп сырғанаушының динамикасын айқындай түседі.
АҚМАРАЛ ЖАРАСҚЫЗЫ, ДИЗАЙНЕР:
— Біз екі-үш эскиз жібердік, соның ішінде екіншісі бірден ұнады. Матаны арнайы бояп, әкелдік. Киіп көргенде қара түстің керісінше образды айқындай түсетінін байқадық. Сонымен бірге түнгі, ғарыштық тақырыпты сақтап, омбре арқылы тереңдік қостық. Барлық тасты қолмен жабыстырдық. Ол аспандағы жұлдыздар әсерін береді.
Дизайнерлер үшін ең шешуші сәт образды мұз үстінде көру болған. Себебі жұмыстың сәтті болғаны костюмнің спортшымен, музыкамен, қозғалыспен үйлескен кезінде ғана байқалады. Жұлдызды аспан стиліндегі финалдық образ Михаил Шайдоровтың халықаралық жарыстардағы бағдарламасының бір бөлігіне айналып, оған алтын медаль сыйлады. Мәнерлеп сырғанауда костюм – жай ғана киім емес, спортшы тарихының жалғасы. Ал сол образға жан бітіретін – мәнерлеп сырғанаушының өзі. Ол костюмді өз өнерінің, өз жеңісінің ажырамас бөлігіне айналдырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.