Ұлын батареяға байлап, аяусыз ұрған жаркенттік әйелдің туа біткен психикалық ауытқуы бар болып шықты. Қаңтардың соңында әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген оқиға естеріңізде болар. Панфилов аудандық соты ұлын ұрып-соққан әйелге қатысты «Кәмелетке толмаған адамды қасақана қинау» бабы бойынша істі қарады. Сот материалдарына сәйкес, бала жуынатын бөлмеде су кранын ашық қалдырып, салдарынан бөлмені су басқан. Мұны көрген анасы баланы батареяға байлап, тепкінің астына алған. Оқиғаны отбасының танысы видеоға түсіріп, әлеуметті желіге жариялаған. Дәрігерлер баланың маңдай-самай тұсында, арқасында соққы іздері мен тері асты гематомаларын анықтаған. Мамандар әйелдің туа біткен психикалық ауытқуы бар екенін анықтады. Ол сот процесіне қатысуға қабілетсіз және өзіне де, айналасындағыларға да қауіпті деп танылған. Әйелді сот қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жалпы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарды. Әйелдің кішкентайлары түгел балалар үйіне орналастырылды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.