Петропавлда тасқыннан зардап шегіп, баспаналы болғандар үйлерін заңдастыра алмай жүр

«Әкімдік өкілдері бұл жолы да уәдесінде тұрмады». Петропавлда тасқыннан зардап шегіп, баспаналы болғандар осылай дейді. Халық екі жылдан бері үй мен жер телімін заңдастыра алмай жүр. Қаңтарда тұрғындармен кездескен билік өкіәлдері мәселені ақпан айының ортасына дейін шешіп береміз деп сендірген. Алайда бұқараның қолында әлі күнге дейін құжат жоқ.
Бұл жолы амалы таусылған халық әкімдікке келді. Екі жылдан бері тұрғындар не баспанасын, не жерді өз атына аудара алмай жүр. «Атқарушы билік өкілдерінің құжат мәселесін шешіп береміз дегені – тек құрғақ уәде», — дейді олар. Тұрғындар: «Болашақта тағы үй-күйсіз қаламыз ба?» — деп сары уайымға салынған.

ВАЛЕНТИНА МОРОЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Соңғы рет кездескенде әкім бізге екі апта уақыт беруді сұрады. Бірақ әлі күнге дейін айтарлықтай ештеңе өзгермеді. Біз уәдеге әбден тойдық. Жылжымайтын мүлік иесі екенімізді растайтын еш құжатымыз жоқ. Ертең баспанамыздан қуып шықса, қайда барамыз?

Құжат болмаған соң, халық мемлекеттік қызметті де тиісті деңгейде ала алмай жүр. Мәселен, дәрігерге қаралу, балабақша кезегіне тұру тіптен мүмкін емес.

ЕКАТЕРИНА ДЕГТЯРЁВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Сол баяғы электронды жүйе бәрін тежеп тұр дейді. Бірақ әкімдіктегілер бізді айырбас шартын жасауға шақыруда. Ал жердің құжаты болмаса, оның заңды күші жоқ қой.

Ал әкімдік өкілдері 700 үйдің жартысы рәсімделгенін алға тартты. Қалғаны бойынша шаруалар жалғасып жатыр.

КАЛИЯ ТӨРЕНОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры базасы дұрыс жұмыс істемей тұр. Бүгін Астанадағы жауаптыларға хабарласып, мән-жайды толық түсіндірдім. Олар шаруаны тездетуге уәде етті. Бәрі жақсы болса бүгін-ертең 395 үйдің құжатын рәсімдеуді бастаймыз. Бұрын мұндай іс жергілікті жерде атқарылатын. Былтыр заң өзгерді. Сондықтан мәселе тек бізде ғана емес.

2024 жылы алапат тасқын кезінде баспанасынан айрылып, зардап шеккендерге демеушілердің қаржысына қала шетінен бүтін бір аудан бой көтерген еді. Қазір мұнда бас-аяғы 700 отбасы тұрып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал