Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа ғимарат қажет

Еліміздегі ең көне музейлердің бірі – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. Биыл 190 жыл толады. Музей XIX ғасырда салынып, бүгінгі күні тарихи-архитектуралық ескерткіш тізіміне енгізілген ғимаратта орналасқан. Өткен кезеңнен сыр шертетін құнды жәдігерлердің негізгі бөлігі қорда сақтаулы. Себебі бәрін бірдей қоюға орын тапшы. Заман талабына сай жаңа музей керек. Ал ол қашан салынады?
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Орал қаласы мен аудандарда 18 бөлімі бар. Барлығы халыққа қызмет жасап тұр. Олардағы экспозиция музей қоры негізінде жинақталған жәдігерлер арқылы жасақталады. Орталық музейде түрлі бағыттағы сегіз зал орналасқан. Жинақталған жәдігерлер саны 125 мыңнан асады. Әлі де толығу үстінде. Алайда соның тек 5 мыңдайы ғана көпшіліктің назарына ұсынылған. Қалғандары қорда сақтаулы. Күн санап олардың да құндылықтары жойылып барады.

АЙЖАМАЛ АБДРАХМАНОВА, ҚОР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Ол жәдігерлердің барлығына қоюға орын тапшы. Біздің тек сегіз залымыз бар. Қазіргі таңда олардың барлығын қоюға, былай айтқанда, музейдің жағдайы келмейді. Сондықтан көпшілік жағдайда музейге келушілер мұны көре бермейді.

Тамырын тереңнен тартып, тарихтан сыр шертетін музейге биыл 190 жыл. Осыған орай түрлі іс-шара жоспары бекітілген. Жаңа көрмелер жасақтап, ғылыми-танымдық жұмыстар жүргізілмек. Конференция өткізу де жоспарда. Бірінші кезекте қордағы жәдігерлерді кеңінен зерттеу қолға алынуда. Себебі осы уақытқа дейін олардың нақты тізімі жасалмаған.

ЖАНТАС САФУЛЛИН, МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз музей қорындағы қолжазбаларды, көне кітаптарды жинақтап, барлығының аудармаларын жасап, дайындадық. Одан кейін біз Алтын Орда кезеңіне тиесілі тиындардың барлығын араб әріптерінен аударып, қай ханның тұсына сәйкес келетінін анықтап, каталог жасап жатырмыз. Одан бөлек археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер бойынша каталог жасайын деп жатырмыз. Қазір солардың барлығын суретке түсіріп, қорым-қорымға бөліп, жүйелеп жатырмыз.

Қазір Орал қаласын ұзақ мерзімді дамытуға арналған бас жоспарға түзетулер енгізілуде. Шаһар болашақта қай бағытта өседі, қандай нысандар салынады? Тұрғындар қандай маңызды мәселелерді көтереді? Бұл туралы 15 ақпанда қоғамдық тыңдау өткізілді. Жан-жақты талқылаудан кейін жоспар сараптамаға жіберіледі. Одан әрі қалалық, облыстық мәслихаттар мақұлдаса, Үкіметтің бекітуіне жолданады.

БЕКБОЛАТ ГУБАЕВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бас жоспардың түзету жұмыстарында Ақжайық шағын ауданында заманауи өнер галереясы қарастырылған. Ал Орал қаласының орталығында жаңа музейдің құрылысы жоспарда жоқ. Егер депутаттармен келіскенде ұсыныстар болып жатса, бас жоспарды түзетуге болады.

Бұл әзірге жоспар ғана. Белгілісі, болашақ құрылыстың жер телімі ғана көрсетілген. Бірақ ол жерде жаңа музейдің қадасы қашан қағылатыны белгісіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал