Елде үйленуге асықпайтын қыз бен жігіт көбейді. 40-тың қырқасына шықса да, соқа басы сопиған сүрбойдақ пен 30-ға таяп қалса да, оң жақта отырған қыз өте көп. Мұны көбі тұрмыс тауқыметімен байланыстырады. Жастар әуелі баспана мен көлікті болып, жағдайын жақсартып алуды көздейді. «Бас екеу болмай, мал төртау болмайды» деген тәмсілді қазіргі буын неге қаперге алмайды? «Жалпы, бұл ғаламдық мәселе», — дейді мамандар.
Қазақтың «13-те отау иесі» деген түсінігі өшкелі қашан… Сонда ғасырлар бойы дәріптеліп келген отбасы құндылығы өз мәнін жоғалтқаны ма? Елімізде отбасын құруға ниетті жастар қатары азайған. Қазірдің өзінде үйлену жасына жеткен бойжеткендердің 30, жігіттердің 40 пайызы бойдақ. Тарихи дерекке үңілсек, 1991 жылдан бері көрсеткіш үш кезеңнен өткен. Төмендеу, өсу және қайтадан төмендеу. Қазіргі жағдай 1999 жылғы дерекке жақындапты.
АҚНҰР ИМАНҚҰЛ, ОТБАСЫ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— «Отбасы және неке» – әлеуметтік институт. Бәрімізге белгілі, біз өзімізді жаһандық әлемнен бөлек қарастыра алмаймыз. Себебі Қазақстан да –жаһандық әлемнің белгілі бір бөлігі. Жалпы, некеге кеш тұру әлемдік тенденция екенін атап өтуіміз керек. Ол Қазақстанда да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Біз де неке санын ажырасу саны арқылы бағалауға тырысамыз. Мысалы, ең көп некелесу 2013 жылы болған. Соңғы уақытта ол төмендеп келеді. Бірақ қатты төмендеді деп те айта алмаймыз. 2013 жылы 168 мың болса, қазір 128 мың. Бұл да бір өзгерісті көрсетеді.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы бұған алдымен материалдық-экономикалық жағдай себеп екенін анықтаған. Бұл да – бір әлемдік тенденция. «Әлемде де дәл осы себеппен некені кейінге қалдыру процесі жүріп жатыр», — дейді мамандар. «Ол бірінші кезекте жастардың некеге деген саналы көзқарасын да көрсетеді», — деп отыр.
АҚНҰР ИМАНҚҰЛ, ОТБАСЫ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Жастар үйленерден бұрын отбасыға минималды қажет дүниелерді дайындап қойғысы келеді. Мысалы, жұмысы болсын, тұрақты табыс көзі болсын дейді. Немесе тұрғын үй жағдайлары. Жалпы, біз отбасын құруда материалдық фактор қаншалықты маңызды деп сұраған болатынбыз. Жастардың 70 пайыздан астамы өте маңызды деп есептейді. Яғни, бұл – бірінші себеп.
Иә, бұл – бір ғана себеп. Дегенмен, «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» дейді қазақ. Жастардың бас қосып, отау көтеруіне себеп көп сияқты. Тұрғындар пікіріне құлақ түрсек.
Бүгінде қоғамда ажырасу да өзекті мәселеге айналып отыр. Неке санына шаққандағы ажырасу үлесі соңғы жылдары айтарлықтай көбейген. Ресми дерек бойынша былтыр 124 мың жаңа неке тіркелсе, 61 мың неке бұзылған. Бұл да – ойландыратын мәсееле.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.