Иісшіл иттер арасындағы Қазақстан чемпионы Ақтөбеде тұрады. Ол – полицияның кинологиялық қызмет орталығында тәрбиеленген «Барон» атты неміс овчаркасы. Ақылды ит есірткі заттарын іздеу жарысында үздік болды. Қарғы баулы полицейлерге қылмыс ашуға жәрдемдесіп жүр.
Кинолог Махамбет Әбдуалиевтің сенімді серігі – «Барон» атты неміс овчаркасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Ақылды ит былтыр ондаған есірткі қылмысының ашылуына үлес қосқан, биыл да нәтижесі жаман емес.
МАХАМБЕТ ӘБДУАЛИЕВ, ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГ:
— Барон деген итті алты айлық кезінде алдым. Баронмен есірткі қылмыстарымен күрес бағытында жұмыс істейміз. График жоқ. Қалай шақырту түседі, солай итпен бірге шығамыз. Кейде күнделікті, кейде тәулік бойы кезекшілікке түсеміз. Барон – қазіргі таңда Қазақстан бойынша чемпион. Алматыға жарысқа барып келгенбіз. Қазақстан кинология орталығында өткен жарыста 1-орынды алып келдік. Баронның мінез-құлқы өте ерке. Ойнағанды жақсы көреді.
ҒАБИТ ЖҮСІПОВ, КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГЫ:
— Қазіргі таңда 23 қызметтік ит жұмыс істейді. 2025 жылы қызметтік иттердің көмегімен 211 қылмыс ашылды. Оның 48-і есірткі заттарына қатысты. Ал биыл бір айдың ішінде 55 қылмыс ашылып отыр, соның бесеуі – есірткі бағыты бойынша.
Ақтөбе полициясының кинологиялық қызметі талай жылдан бері елге қызметтік иттерімен аты шыққан. Арнайы дайындықтан өткен төбеттер түрлі бағытта жұмыс істейді: күдіктілерді ұстауға көмектеседі, қылмыскердің ізіне түседі, есірткі заттарын іздейді. Иісшіл қасиетінің арқасында қарғы баулы тыйым салынған заттарды пәтерден де, көліктен де, заттар мен киім-кешектен де оп-оңай әрі дәл тауып береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.