Атырау облысында ірі қара малдың арасында жұқпалы ауру тарады. Құрманғазы ауданында 4 мыңға тарта сиыр инфекциялық ринотрахеит вирусын жұқтырған. Осыған байланысты бірнеше елдімекенде карантин жарияланып, ветеринариялық бақылау күшейді. Ет сатуға уақытша тыйым салынды.
Індет Құрманғазы ауданының Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекшіл және Құрманғазы ауылдық округтерінде өршіп тұр. Сиырлардың ауыз қуысына жара шығып, жем-шөп жеуден қалған.
АЙБЕК АХМЕТОВ, ЖАПЫРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бір үйден он бас, бір үйден бес бас, осылай өршіп келе жатыр. Бұрын-соңды болмаған ауру. Бірінші рет көріп тұрмыз.
Мамандар сынама алып, мұның инфекциялық ринотрахеит вирусы екенін анықтаған. Ол малдан-малға ауа арқылы жұғады. Ауданда 4000-ға тарта сиыр ауру жұқтырған.
ЖЕТКІНШЕК ӘЖІҒАЛИЕВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНДЫҚ ВС БАСШЫСЫ:
— Жазылғаны – 2800. Антибиотиктер егіліп, ары қарай симптоматикалық қызметтер атқарылды. Алдын-алу бағытында қосымша вакцина егу жүргізіліп жатыр.
Қазір қоралар жаппай дезинфекцияланып жатыр. Сондай-ақ 4 ауылдық округте карантин жарияланып, ет сатуға уақытша тыйым салынды. Жұқпалы ауру көршілес Исатай ауданы Зинеден ауылына да жеткен. Қазір онда 60-қа тарта сиыр ауырып тұр.
АСЛАНБЕК ШӘРІПОВ, ИСАТАЙ АУДАНДЫҚ ВС БАСШЫСЫ:
— Вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы мүйізді ірі қара малынан басқа түйе, жылқы малдарына жұқпайды. Сонымен қатар адамға жұғу деректері еш тіркелген жоқ.
Ақпан айында өңірге 12 ауруға қарсы 1 млн 445 мың доза вакцина жеткізілген. Олардың арасында ринотрахеитке қарсы екпе де бар. Қазіргі уақытта облыстағы барлық ауылға вакциналар таратылып, аурудың алдын алу шарасы жүріп жатыр. Әзірге ауру тараған ауылдарда карантин жарияланып, ет сатуға тыйым салынды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.