Құмар ойын құрбаны: павлодарлық әйел 164 млн теңгенің алтынын ломбардқа өткізген

«Алтын көрсе, періште жолдан таяр». Құмар ойынға деген тәуелділік салдарынан павлодарлық әйел 7 жылға сотталды. Ол 2017 жылдан бері туған әпкесіне тиесілі зергерлік салонда сатушы-кеңесші болып жұмыс істеген. Яғни сол жердегі бағалы бұйымдар қолында болған. Соңғы бірнеше жыл онлайн-казиноға бәс тігіп, қыруар қаржысын ұттырған. Алайда бұл да оны тоқтата алмаған. Дүкендегі алтын бұйымдарды біртіндеп ұрлап, ломбардқа өткізіп отырған. Түскен ақшаны құмар ойынға жұмсаған. Осылай бірнеше айда 1 келі 700 грамм алтынды сатып жіберген. Жалпы шығын көлемі – 164 миллион теңге.
АҒЕДІЛ ИБРАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Сот бұл жерде қылмыстық жауапкершілікті жеңілдету есебін ескерді. Күдіктінің кәмелет жасына толмаған баласы және сәбиінің болуына байланысты ҚР ҚК 189-бабы бойынша айыпты деп танылды. Оны 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіз ҚЖА жүйесінде өтеу туралы үкім шығарылды. Сонымен қатар ол материалдық жауапкершілігі бар коммерциялық ұйымдарда 5 жылға дейін лауазымды қызмет атқара алмайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал